ҚАРАҒАНДЫ: Х ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ ІРІКТЕУ САЙЫСЫ ӨТТІ

ҚМДБ Қарағанды облыс өкілдігінің ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х Республикалық Құран жарысының іріктеу сайысы мәресіне жетті.
Асыл дініміздің қайталанбас құндылығы, тірегі болған, екі дүние бақытына жеткізер Алланың хақ үкімі және сөзі Құран екені баршамызға аян. Ардақты елші Пайғамбарымыз (с.а.с), «Сендердің ең жақсыларың, Құранды үйреніп оны өзгелерге үйреткендерің»- деген. 
Түркістан қаласындағы Х Республикалық Құран жарысына іріктеу сайысын  Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы жүргізіп отырды.
Жарыстың шымылдығын ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы алғы сөзбен ашты. Бас имам өз сөзінде Құранның қадір-қасиеті мен Құран жарысының маңызына тоқталып өтті. Құран жарысына қатысушы қариларға сәттілік тілеп, көрермен жамағатқа алғыс білдірді.  
Абай атамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деген еді. Іріктеу сайысына Қарағанды қаласы бойынша 12 үміткер қатысты. Атап айтқанда, Құран Кәрімді жатқа оқу бойынша 30 параға – 2 үміткер, 20 параға – 3 үміткер, 10 параға – 2 үміткер, ал мәнерлеп оқу бойынша – 5 үміткер өзара бақ сынады.
Құран жарысының іріктеу сайысына қазылық еткендер – Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің бас имамы Абдрахман Ысқақ Рахимбекұлы, «Әл Машани» мешітінің наиб имамы Бауыржан Мейірбекұлы, «Балақажы» мешітінің наиб имамы Сұлтан Аманжолов болды.
Үміткер қарилар күні бойы Құран оқып, көрермендердің құлақ құрышын қандырып, жандарын илаһи нұрға бөледі. Тартысты өткен бәсекеде 4 номинация бойынша жүлделі орындарға ие болған қарилар  қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жарыс соңында Қарағаны облысының  бас имамы Өмірзақ қажы Казкенұлы Құран жарысына қатысқан қарилар мен шараны ұйымдастырушыларға  өз алғысын жеткізді. Сондай-ақ Х Республикалық Құран жарысына жолдама алған жеңімпаз қариларға сәттілік тіледі.
Х Республикалық Құран жарысының іріктеу сайысының жүлдегерлері төмендегідей марапаттарға ие болды: 

Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Әбділлмәлік Мұратұлы (100 000 тг);
Құран Кәрімнің 20 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын –  Нұртілек Серікұлы (70 000 тг);
Құран Кәрімнің 10 парасын жатқа оқу бойынша:
І орын – Саяжанов Әділет (50 000 тг);
Құран Кәрімді мәнерлеп оқу бойынша:
І орын – Берік Нұрболат (50 000 тг);

Жоғарыдағы 4 номинация бойынша жүлделі І орын иегерлері биыл Түркістан қаласында өтетін Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан Х Республикалық Құран жарысына жолдама алды.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін