Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітіне Айт намазы оқылды

 Жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы.Қасиетті мереке күні Қарағанды облысының мешіттерінде Рамазан айынан кейін келетін Ораза айт намазы оқылды. Елімізде орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты намаз мешіт ауласында өтті. Осы бір қасиетті мерекеде Қарағанды облыстық «Әнет баба»  мешітіне жиналған халық  барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, сәждеге бас тигізіп, Аллаға құлшылық етті.

Намаз оқылмас бұрын Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Казкенұлы жиналған жамағатты қасиетті мерекемен құттықтап, Өзінің ізгі тегінн білдірді. Сондай – ақ, осы бір қасиетті мерекенің ерекшелігі туралы уағыз айтты. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: Айт күні бірінші орындайтынымыз - намаз оқу, - деген. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қал­дырмай оқыған.. Облыстық «Әнет баба» мешітіне жиналған мұсылман қауым  тілін кәлимаға келтіріп, жүзін құбылаға бұрып айт намазына жығылды.

Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан - береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы. Арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі еркшеліктері - адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді. Облыстық мешіт ауласында жиналған жамағат  Оразамен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етісті. Қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке - Ораза Айт баршамыз үшін құтты болсын! Туған Отанымыз - Қазақстанымыз бейбітшілік пен татулықтың құшағында өсіп-өркендеп, ана тіліміздің мәртебесі арта берсін, ислам діні қанатын кеңге жая берсін! Қазақстандағы әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін!

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін