Биылғы жылы қасиетті Рамазан айы да пандемия жағдайында өтеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отандастарды Ораза және ғибадат кезінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды және қасиетті айдағы онлайн-іс-шаралар туралы айтты.
- Биыл Рамазан 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға дейін - Қадір түні. 13 мамыр - Ораза айттың бірінші күні. Әрбір отбасы мүшесі үшін берілетін пітір-садақа мөлшері 420 теңге сомасында белгіленді. Бұл екі килограмм ұнның ең төменгі бағасы, - деді Бас мүфти.
Пітір садака мен зекетті өткен жылы іске асырылған жоба бойынша, яғни Kaspi.kz қосымшасы арқылы онлайн режимінде беруге болады.
- Біз жұқпалы ауруларды тек оқшаулау және алдын-алу арқылы жеңуге болатындығын нақты түсіндік. Сондықтан мен ораза ұстау және ғибадат ету кезінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Денсаулық - адамзат үшін ең құнды сыйлық, - деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы рамазан айында онлайн-уағыз, "сұрақ-жауап" айдарын жүргізуді жалғастырады. Құран да қашықтан оқылады.
Барлық ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының www.muftyat.kz сайтынан табуға болады. Сондай-ақ, мұнда Қазақстан қалаларында ауыз бекіту және намаз уақыттарының кестесі жарияланған.
Рамазан Қарағанды облысында қалай өтетінін өңірдің бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа айтып берді.
- Өкінішке орай, биыл біз Рамазанды тағы да шектеулермен өткіземіз. Өткен жылы Рамазан айында тарауих намазы оқылмады. Биылғы жылы да солай болмақ. Әрбір мұсылман өзі намаз оқиды, - деді Өмірзақ қажы Бекқожа.
Рамазан айында облыста түрлі қайырымдылық акциялары өткізіледі: мұқтаждарға азық-түлік таратылады, ифтар жеткізуді ұйымдастырады және т. б.
Қасиетті Рамазан айында COVID-19 вакцинациясына қатысты келесідей мәлімет берілді.
- Егер зат ас қорыту жүйесіне ауыз немесе мұрын арқылы енсе, ораза бұзылады деп саналады. Инъекция және коронавирусқа қарсы вакцина енгізу жағдайында мұндай жағдай орын алмайды, - деп түсіндірді Қарағанды облысының бас имамы.
Ол аймақ тұрғындарын халық көп жиналатын орындарға бармауға және денсаулығына қамқорлық жасауға шақырды.
https://www.gov.k
Пікірлер