Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы бірнеше жерде баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де барша адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», деп әмір етсе, Оның Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.
Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғауларында, өлең-жырларында өзара келісімді насихаттаған. Майқы бидің:
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге.
Елбасының игі бастамасымен елімізде қалыптасқан дінаралық татулық, ұлтаралық келісім – ширек ғасырға татитын тәуелсіз еліміздің жеткен басты жетістіктерінің бірі.
Бүгін осы айтулы мерекенің қарсаңында Қарағанды облысына қарасты
Абай ауданында дін қызметкерлері бірігіп саябақта 30-түп тал отырғызды. Игі іс облыс бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының бастамасымен, аудан имамы Мұкаев Аманбол Рымқұлұлының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Қасиетті Құранда: «Бір-бірлеріңе ізгі істерде, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар...» делінген. («Маида» сүресі, 2-аят).
Алла тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!
ihsan.kz
Пікірлер