Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Пәтуа парасаттылықты қажет етеді
19 тамыз, 2020 жыл 115 Басып шығару нұсқасы

Әз-пайғамбар (с.ғ.с.) немере інісі Абдуллаға: «Уа, Алла! Дінінде білгір (фиқһшы) ет. Құран мағынасын үйрет», – деп бата берген екен. Тағы бір хадисте: «Алла Тағала біреуге жақсылық қаласа, оны дінінде білгір (фиқһ) етеді», – деп айтылған.

Ислам мәдениетіндегі фиқһ ұғымы бүгінгі заманның ойлау, талдау сөзіне ұқсайды. Ойшыл – ол сұңғыла, ойы ұшқыр, көзқарасы терең де зерек адам. Әркімнің-ақ фиқһта таласы болса да, шамасы жете бермейді. Фиқһ – тек білім қоры ғана емес. Діни мәтіннің нәзік тұсын терең білу. Мәселенің қыр-сырына қанық болу. Үкімдердің себеп-салдарына дұрыс талдау жасау қабілеті. Әрі шариғат мақсатын жетік білу.

Тарихта ерекше тақуа, бірақ фиқһта жетік емес тұлғалар болды. Бұған қатысты ғалымдар ортасында: «Серіктерімнің арасында дұғасынан дәмелі, бірақ куәлігі (шариғи мәселеде сөзі) жүрмейтіндері бар», – деген нақыл сөз бар.

Тақуалық – жүрек тазалығы. Білгеніне жан-тәнімен амал ету. Алайда, Құраннан қара қылды қақ жарғандай етіп үкім шығару терең біліммен қоса асқан парасатты талап етеді.

Фиқһ пен фақиһ ғалымдарына деген сұраныс әр заманда да жоғары болған. Жалпы, Ислам ғылымдарының бұл саласы адам өмірінің барлық тұсын қамтиды. Намаз бен оразадан бастап адамның жеке өмірі мен қоғамдық қатынасын, тұтастай мемлекет пен жалпы ұлт пен діндер арасындағы байланыстар үкімін фиқһ зерттейді.

Фиқһтың қайнар көзі – Құран мен сүннет. Онан соң, қияс пен ғалымдардың ұжымдық көзқарасы.

Фиқһ ғылымы мен ғалымдары – Ислам өркениетінің қазығы. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» демекші, мұсылман халықтарының әлемдік даму майданындағы жеңілісі – фиқһи жеңіліс. Ой-пікір майданында дінді тек пенде мен Құдай қарым-қатынасы деп шектеуде. Басқа сөзбен айтқанда, дін тек жайнамаз үстінде деген ойдың қалыптасуы.

Құранда Құдайға сенім жайлы ғана айтылмайды. Пайғамбар өмірі – мешіттен шықпайтын тұлға өмірі емес. Оның өмірі – көркем мінезге негізделген ғибадатшыл әрі күрескер өмірі. Оның өмірі – қоғамды әлеуметтік дамытушы тұлға өмірі. Жалған дүние толықтай оның ғибдат орны болды. Ол бізге әр ісімізді құлшылыққа айналдыруды үйретті.

Әл-Азхар шейхы Махмұд Шалтут (р.а.) ғалымдардың пәтуа берудегі парасаттылығын айта келе мынадай бір жайттарға көңіл аударады.

Бір мәселе. Мұсылман зиммидің (Ислам мемлекетінде өмір сүретін өзге дін өкілі) арақ немесе доңыз еті сияқты харам тауарын бүлдіріп қойды делік. Мұсылман әдейі жасады. Өз әрекетін Алланың разылығы үшін істедім деп түсіндіруде. Әбу Ханифа (р.а.) бұл мәселеге құны өтелуі тиіс деп пәтуа берген.

Ал, имам Шафиғи бұған келіспейді. Ол шариғат харам еткен затты бүлдіргені үшін мұсылманға ешқандай жауапкерке тартылмайды, тауар құны төленбейді дейді.

Әбу Ханифа: «Ислам өзге дін өкілдерінің сенім-нанымына араласпауды бұйырады», – деп түйеді. Пәтуасына негіз ретінде, халифа Омар бин Хаттаб (р.а.) аймақтағы қызметкерлерінен: «Зиммилердің арақ-шарабын не істейсіңдер?» – деп сұрайды. Ұшырын аламыз дейді. Халифа: «Олай етпеңдер, сата берсін. Ақшасының оннан бірін алыңдар», – дейді. Демек, тауар құн бекітілмейтін зат болса, халифа бұлай бұйрық бермейтін еді», – деп түйіндейді Әбу Ханифа.

Ал, шариғатта бүлінген тауар шығыны өтелуі үшін белгілі құны бар, баға бекітілген тауар болуы тиіс. Фиқһта сезіммен емес, салқынқанды ақыл, сұңғыла парасат керек.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  «Олар айлакерлік істеді, Алла да амалын тапты...»

Әсіредіншілдік – шала сауаттылық салдары. Өзге дін мен өзге көзқарасқа деген өшпенділік те фиқһтың түпкі мақсатын білмегендіктен. Жоғарыдағы келтірген мысалдағыдай, имам Шафиғи ғұлама Әбу Ханифаның көптеген пәтуаларымен келіспеген. Бірақ, жоғары бағалап: «Жұрт фиқһ мәселесінде Әбу Ханифаға мұқтаж», – деп мойындап айтқан сөзі бар.

Мұхаммед Ғазали: «Араб радиосында фиқһ бағдарламасы жүріп жатты. Сондағы ғалымның сауалдарға берген пәтуасына көңілім толмады. Оның сөзі ғимаратты тұрғызудан гөрі, оны қиратуға қатты ұқсайды. Одан тыңдармандардың бірі пітір садақаны ақшалай беру жөнінде сұрады. Бағдарламаға келген ғалым: «Жоқ, қабыл болмайды. Пітір садақасы арпа, бидай, құрма сияқты елде кеңінен пайдаланатын азық түрімен беріледі. Ақшалай пітір беру – сүннетке теріс. Ал, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім дінімізге бір жаңашылдық енгізсе, ол қабыл етілмейді…», – деген хадисті негіздеме етті. Пәтуа беруші кедейлерге пітірді риял немесе жунейхпен (Саудия мен Мысыр валютасы) беру – бидғат. Ханафи ғалымдары бидғатшы», – деп сөзін тәмамдады», – дейді.

Міне, бұл буквализм. Діннің мұратын түсінбеушілік. Араб елдеріндегі мектептердің бірінде болған жағдай. Оқулықтағы адам және жануар суреттерінде бас денеден ажыратылып бейнеленген. Көпшілік мұның сырын сұрағанда: «Тірі жан он екі мүшесі толық бейнеленсе, қиямет күні оған жан бер деп міндеттейді», – деп түсіндірген екен. Бұл да буквализм салдары.

Ислам фиқһына қайта оралайық. Бұл ғылым саласының қоғамға берері көп. Салауатты отбасын құру, елдің әлеуметтік тұрмысын түзеуде фиқһтың пайдасы өлшеусіз. Ең бастысы, дінді дұрыс түсіну үшін ауадай қажет. Ал, пәрменді пәтуа айту – асқан парасаттылықты қажет етеді.

Руслан ҚАМБАР

kazislam.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары