Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Бас имам бейімдеу орталығында сұхбат жүргізіп, қайырымдылық көмек көрсетті
09 шілде, 2019 жыл 123 Басып шығару нұсқасы

Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылған «Жусан» операциясының нәтижесінде туған елге оралған қандастарымыз бүгінде бейімдеу орталықтарында орналасып, мемлекет қамқорлығына алынып отыр. Қазақстанға қайтарылғандардың дені қазір шатасқан ойларынан қайтып, саналы қоғамға бейімделе бастады. «Сана сауықпай, адам сауықпайды. Адам сауықпай, қоғам сауықпайды» деген ата-бабамыздан қалған даналық сөз бар.  Сондай орынның бірі Қарағанды облысының «ШАНС» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығы. Осы орталыққа орналасқан азаматшаларға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілдігі өз қамқорлығын көрсетумен қатар, діни білімін жетілдіру үшін облыстық мешіт ұстаздарымен байланыс орнатқан. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз «Жусан-2» операциясына қатысты «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында:  «Қазақстан өз азаматтарының әлемнің қай қиырында жүргеніне қарамастан олардың тағдырына қашан да алаңдайды. «Жусан» операциясының жалғасы бойынша жүзеге асқан бұл гуманитарлық шара соның айқын көрінісі. Лаңкестік ұйымдардан зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан моралдық, материалдық тұрғыдан жан-жақты көмек көрсетілуде. Қоғамға бейімдеу жұмыстарының нәтижесінде олар қызметке орналасып, ағайын-туыстарымен қауышты, ал балалары бала-бақшаға баруда. Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын халықпыз ғой», – деген болатын. Осы негізде ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Әнет баба» мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы аталмыш орталыққа барып, рухани дағдарысқа ұшыраған отбасы мүшелерімен діни түсінікті дұрыс қалыптастыру барысы жайлы тәлімдік сұхбат жүргізді. Сұхбат барысында ел мен жерге деген құрмет, тәубе мен сабыр, дін және діл тазалығы жайында насихат айтылды. Сонымен қатар, мекеме басшыларының өтініштері бойынша орталықтың қажеттілігін өтеу үшін қаржылай қомақты көмек көрсетті. Бүгінде осы орталықта жеті отбасы уақытша тұрақтанған. Бас имам алдағы уақытта да осы орталықпен байланыс жасай отырып, мемлекет қамқорлығының аясында қосымша жәрдемдесіп отыратындығын жеткізді.        

 

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің баспасөз қызметі  

      

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары