Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Татулық – табылмас бақыт
02 мамыр, 2018 жыл 234 Басып шығару нұсқасы

Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Жұртымыз мамыражай мамырдың алғашқы күнінде Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесін айрықша атап өтеді. Бұл – көпұлтты, көпконфессиялы еліміздің бірлігі мен берекесін арттыра түсетін аса маңызды мейрам.

Адам өміріне қауіп төндірген сындарлы кезеңнің сын-қатерімен бетпе-бет келген бүгінгі әлемдік қауымдастық, оның ішінде Қазақ Елі үшін бірлік пен бейбітшілік – басты байлық, баға жетпес құндылық.

«Тозған қазды топтанған қарға ала­ды», – дейді халқымыз. Адамзат та­ри­хы­нан қай елде бірлік жоғалса, сол жерде жеңіліс болғанын білеміз. Достық пен татулық ынтымаққа ұйысқан елде ғана баянды болады.

Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда барша адамзат баласына: 

«Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырған. Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол) мұсылман үмбетіне жолдаған қоштасу сөзінде: «Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар», – деп өсиет қалдырған.

Біздің жас тәуелсіз еліміз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың игі де тарихи бастамасымен алыс-жақынның арасын жарастырып, діні бөлек діни көшбасшыларды бір дөңгелек үстел басына біріктірген бітімгер мемлекетке айналды. Қазіргі қоғамда қалыптасқан өзара құрмет пен сыйластықты нығайта түсу үшін барша азаматқа үлкен жауап­кершілік артылады.

Адамдар арасындағы татулықтың негізгі тірегі – өзара сүйіспеншілік пен бауырмалдықта. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: 

«Иман етпейінше жұмаққа кіре алмайсыңдар, бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, иман еткен болмайсыңдар», – деген. Абай Құнанбайұлының өсиет өлеңі де осыған саяды: «Адам­заттың бәрін сүй бауырым деп...».

Жаһандану заманында сан түрлі ұлттың берекелі тір­лікте, ынтымақ-бірлікте өмір сүруінің басты жолы – ізгілік пен мейірімде.

Ұлы бақытқа иманымен талпынған Рудакидің:

«Өмір – теңіз, онда жүзем демеңіз,
Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деген сөзі қай қоғамға болсын қуат беретіні хақ.

Алла Тағала халқымыздың ынтымағын нығайтып, бірлігін бекем еткей! Әмин!

Серікбай қажы ОРАЗ, 
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

muftyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары