Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Қияметтің болып өткен және қазір де болып жатқан белгілерінің бірі
28 наурыз, 2017 жыл 885 Басып шығару нұсқасы

1. Жаңбырдың көбейіп, жемістің азаюы

Әнәс ибн Мәлик (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Барлық жерге жаңбыр жауғанымен, жерден ештеңе шықпайтын болмайынша, Қиямет келмейді», – деп айтқан.

Ахмад

Адамдардың бірін-бірі танымауы

Хузайфа (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте, Аллаһ елшісі (с.а.с.) Қияметтің қашан келетіні жайлы сұралғанда: «Оның (қашан болатындығы) жайлы мәлімет Раббымның қасында. Мезгілін Ол ғана біледі. Бірақ оның (Қияметтің) алдында болатын белгілері жайлы айтып берейін. Оның алдында фитналар мен ылаң[1] болады», – деген. (Сахабалар): «Уа, Аллаһтың елшісі! Фитнаның не екенін білеміз. «Ылаң» деген не?» – деп сұрайды. Сонда (Пайғамбар (с.а.с.)): «Эфиоп тілінде «өлтіру» деген және «адамдардың бірін-бірі танымауы», тіпті бір кісі ешкімді танымайтын болады», – деген[2].

[1] Ылаң – араб тіліндегі «һараж» деген сөздің баламасы.
[2] Ахмад.

3. Кенеттен болған өлімдердің көбеюі

Әнәс ибн Мәлик (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кенеттен өлудің көбеюі... – Қияметтің белгілерінен», – дейді[1].
[1] Әт-Табарани

4. Әйелдердің көбейіп, еркектердің азаюы

Әнәс (Аллаһ оған разы болсын): «Сендерге менен кейін ешкім айтпайтын бір хадисті айтып берейін. Мен Аллаһ елшісінің (с.а.с.): «Ілімнің азаюы мен надандықтың дендеуі, зинақорлықтың кең етек алуы, елу әйелге бір еркектен ғана болғанша әйелдердің көбейіп, еркектердің кемуі – Қияметтің белгілерінен», – дегенін естідім», – деген[1].
 [1] Әл-Бұхари. 

5. Жалған куәліктің көбеюі

бдуллаһ ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қияметтің алдында... (адамдар) шын куәлікті жасырып, жалған куәлік береді», – деп айтқан[1]. 

Жалған куәлік беру дегеніміз – адам өзінің жалған айтып тұрғанын біле тұра, Аллаһтың атымен ант ішіп, ақиқат куәлікті жасыруы.

[1] Ахмад. 

6.Жалған хабарлардың көбеюі 

Әнәс ибн Мәлик (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Менің үмбетімнің ақыр тұсында сондай бір сендер де, әкелерің де естімеген нәрселерді әңгімелейтін адамдар болады. Олардан сақ болыңдар!» – деген[1].
 [1] Муслим. 

7. Сүннет амалдарға деген немқұрайдылық

Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Бір кісінің мешіттен өткенде, онда екі ракағат намаз оқымай кетуі – Қияметтің белгілерінен», – дейді[1]. 

Әнәс ибн Мәлик (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мешіттердің жол болып қалуы – Қияметтің белгілерінен», – деп айтқан[2].

[1] Ибн Хузайма. 
[2] Әл-Хаким.

8. Жазу-сызудың көбеюі 

 Ибн Масғуд (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қияметтің алдында жазу көбейеді», – деп айтқан[1]. 

 Амр ибн Тағлиб (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «...Саудагерлер санының артып, ілімнің кең тарауы – Қияметтің белгілерінен», – деген[2]. 

Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «жазу», «ілім» дегені, шариғат ілімі емес. Керісінше, бұл жерде дүниелік ілімдер меңзелген.
 [1] Ахмад. 
 [2] Ән-Нәсәи.

9. Мүміннің көрген түсінің рас келуі 

 Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Уақыт қысқарған кезде мұсылманның түсі өтірікке шықпайтындай жағдай болады. Түсі шын болып шығатын адам ең шыншылдарың болады. Шын мәнінде, мұсылманның шын түсі – пайғамбарлықтың қырық бестен бір бөлігі», – деген[1].

 [1] Муслим

10.Жартылай жалаңаш әйелдердің пайда болуы 


Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Тозақылардың мен көрмеген екі түрі бар: сиырдың құйрығы сияқты қамшылары бар адамдар, олар онымен (қамшылармен) адамдарды сабайды және киінгенімен жалаңаш, бастары түйенің бұлғақтаған өркештеріндей ырғатылған жүгенсіз әйелдер. Ол (әйелдер) жаннатқа кірмейді, оның иісін де сезбейді. Шын мәнінде, оның иісі пәлен-пәлен қашықтықтан сезіледі», – деген[1]. 

Қазіргі замандағы әйелдердің көбісі, хадисте қалай бейнеленсе, дәл сондай анық сипат алған. Олар Аллаһ тағаланың бұйрықтары немесе тыйымдарымен санаспайды. Керісінше, жүріс-тұрысының жүгенсіздігімен қоғамды бұзықтыққа, зинақорлыққа итермелеуде. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл әйелдердің бастарын түйенің шайқатыла қисайған өркешіне теңеген. Қазір әсемдік салонына кіріп, шашын сәндеп шыққан әйелдің басынан нақ осыны көруге болады.

 [1] Муслим. 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары