Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Қойдың басын қалай асқан дұрыс: тісімен немесе тісін қағып
13 наурыз, 2017 жыл 381 Басып шығару нұсқасы

Қазақта қанша жерден ірі мал ретінде жылқының еті асылғанымен, сыйлы қонаққа қойдың басын тарту дәстүрі бар. Сол бастың өзін әр аймақта түрліше пісіріледі.

Қойдың басын асқан кезде оңтүстіктегілер тісін қақса, солтүстік, шығыс қазақстандықтар тісімен пісіреді екен. Stan.kz сайтының тілшісі өңірлердегі осы ерекшеліктерге байланысты қалыптасқан түсінік пен астарлы ойлардың мазмұнына үңіліп көрген еді.

Қойдың басын тазалаған кезде Қазақстанның солтүстігі, шығысы және Моңғолия мен Қытайдан келген қандастарымыз тісіне тиіспейді екен. Оған байланысты елге оралған азаматтар арасында астарлы әңгіменің мағынасы да бар.

«Біздің түсінігімізде, сыйлы қонаққа басты тісімен тартқан дұрыс. Ата-аналарымыз ежелден осылай асқан. Қонақты үйіне шақырған адам дастарханға қойдың тісін қағып қойса, оның ішінде айтары бар деп түсінген. Ол дегеніңіз «Саған ренішім бар. Өкпем сенің тісіңді қағып алуға болатындай» дегенді білдіреді екен. Міне сондықтан болар, біздер қайта тісі қағылған қойды көргенде, ыңғайсызданып қаламыз»,-дейді Шұға Абайқызы.

Қазақтың салт-дәстүрін ұлықтап жүрген, көнекөз қарияларымыздың бірі – Қазила Қабышева әжей. Жасы сексенге қараған анамыз кейінгі ұрпаққа ырым-тиым, наным-сенімдерді, аңыз әңгімелерді шежіре етіп айтады. «Бас тартудың да» жөн – жоралғысын анық біледі. Қазила әжемізге «басты тіспен не болмаса, тіссіз тартудың айырмашылығы неде?» – деген сұрағымызға былай деп жауап берді:

«Басты тартудың да әртүрлі жолы бар. Ол әр аймақтың өзіндік жөн-жоралғысына байланысты. Нақты тісті қағып тастау керек деген қағида жоқ қазақта. Қонаққа тартар қой басы ең бастысы таза, жағы айырылған, дәмді болып бабымен пісірілу керек»,-дегенді айтады.

Ал Шымкент қаласының тұрғыны Айгүл Дәуренқызы Семейдегі құдаларының үйіне барып, тісімен қойылған қойдың басына қайран қалған.

«Мен қойдың басын қалай пісіреді дегенді тұрмысқа шығып, келін атанған кезімде бір-ақ көрдім. Өз үйімде анам «Қойдың басын әкесі бар адам ұстамайды» дейтін. Одан қалса сыйлы қонаққа деген жауапты асты пісіру, тәжірибелі кісілерге тапсырылатын.

Енемнің үйреткені бойынша, бірінші қойдың жағын айырамыз. Тісін түгел түсіріп, мұрнын қағамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ шығар. Меніңше ол тазалық үшін. Ал қонақта тісі бар қойды көрген кезде бірінші болып ойлағаным, «білмейтін аспаздың ісі болар» дедім»,-дейді Айгүл Дәуренқызы.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, Шығыс Қазақстан облысының тумасы Тоқтарбек Мағзұмов: «Шығыс Қазақстанда құдаға тартылатын бас тісімен болады. Өйткені, қатып қалған нақты қағида жоқ. Мұнда «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқаға» саяды» дегенді айтады.

Ал Қызылорда қаласының 67 жастағы тұрғыны Нағима Айтбаева өз тәжірибесіннен сыйлы қонаққа бас тартудың жөнін түсіндірді.

«Біріншіден сыйлы қонаққа тоқтының басын тартқан дұрыс. Оны малды білетін адам бірден түсінеді. Піскенде бастың құйқасынан-ақ. Басты алдымен көзінің суын ағызып, тісін қағып, жағын айырып барып бүлкілдетіп, қайнатасыз. Қатты қайнап кетіп, құйқасы ажырап, құлақтары сынып кетпеуі керек»,-дейді әжей.

Тісі қағылмаған қой басына қатысты естіген әңгімесін де қысқаша түсіндіріп өтті.

«Мен өз абысындарым мен енемнен естігенімді айтайын. Кісіге реніші мен ішінде өкпесі бар адам, оны қонаққа шақырғанда қойдың тісін қақпайды екен. Сонда келесі адам үй иесін қандай жағдайда көңілін қалдырғанын естеуге тырысады. Міне осыдан кейін екі адамның арасындағы жағдай сол дастархан басында талқыланып, ортақ түсінікке келеді екен»,-дейді әжей.

Құрметті оқырман, сіз қойдың басын қалай асқан дұрыс деп санайсыз? Мүмкін, айтылған әңгімелер мен келтірілген мысалдарға мүлде ұқсамайтын жағдайдың куәсі болған шығарсыз. Өз ойыңызбен бөлісе отырыңыз.

stan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары