24- қараша күні Қарағанды облысында Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығына орай Дін істері агенттігі мен жастар саясаты жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен алқалы жиын өткізілді. Атаулы іс-шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әбішев Жандос Ақылсерікұлы, Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Абзалбек Ғабит Мұхамеджанұлы, мұсылмандар діни басқармасының наиб-мүфтиі Серікбай қажы Ораз, «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры Басюни Жуда Абдулгани және осы саладағы басқа да мамандар қатысты.
Аталмыш форумда Қоғамның қауіпсіздігін қорғап, тұрғындардың экстремизм мен терроризмнен бойын аулақ ұстауын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Қазіргі зайырлы мемлекеттегі әйелдердің дінге деген қызығушылығы, қоғамдағы рөлі, сыйластығы сараланды. Қатысушылар отбасында, қоғамда кемсітуге ұшыраған нәзік жандылардың мәселесіне ерекше назар аударды. Теріс ағымның жетегінде кеткен әйелдердің жағдайы талқыға салынды. Сондай-ақ, әйел адамның өз отбасындағы ұлттық құндылықтарын сақтай білуі тақырыпқа өзек болды. Теріс ағымның алдын алу мақсатында діни білім алудың маңызы зор екендігі айтылды.
Пікірлер