Теміртау әкімдігінде қызметтік міндетін орындау кезінде бастарын қатерге тігіп, үш адамды ажалдан арашалап қалған өрт сөндірушілерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Төтенше жағдай 24 мамыр күні таңертең Теміртаудағы жетінші шағын ауданында орын алған. Көппәтерлі тұрғын үйден шыққан өрттен бірнеше адам жапа шекті. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар бірден бірнеше кіреберістің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірген. Ер адам тұратын пәтерлердің бірінде электр сымдары жанған. Қолқаны қапқан қара түтіннен ұйқысынан оянып кеткен үй иесі терезені ашқан кезде, тілсіз жау пәтердің ішін жалмап кетеді. Үй иесінің өзі өртеніп кеткен, алайда өрт туралы көршілері мен өрт сөндірушілерге хабар беріп үлгерген. Әйтсе де жоғарғы қабатта тұратын отбасы оянып үлгермей, үш адамға иіс тиді.
Оқиға орнына дереу өрт сөндіру машиналары келді. 22-бөлімнің өртке қарсы қарсы қызметінің қызметкерлері Рашид Қартабаев пен Константин Пылаев жоғарғы қабатта жанып жатқан пәтерге кіріп, екі әйел мен бес жасар қызды сыртқа алып шықты. Дәрігерлер үшеуін де шұғыл ауруханаға жеткізді. Бес жасар Алинаның өмірін сақтап қалу үшін ақхалаттылар бірнеше сағат бойы тер төкті. Қазір анасы, әжесі мен немересінің жағдайы жақсы, өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Үш бірдей жанға екінші өмір сыйлаған Рашид Қартабаев пен Константин Пылаевқа ерлігі мен қайсарлығы үшін қала әкімінің атынан алғыс хат және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Пікірлер