Германияда неміс халқы үшін таңсық та, ерекше мереке қымыз күні аталып өтті, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Аса пайдалы сусынмен шөл басқан жергілікті тұрғындар қазақтың ұлттық тағамынан да ауыз тиді, күмбірлеген күй де тыңдап қайтты. Күмбірлеген қасиетті домбыраның қоңыр үні, ұлттық би, ойын осының барлығы Қазақстандағыдай көрінеді. Германияда өткен қымыз мерекесіне қазақ та, неміс те, тіпті Германияны паналаған жандар да келген.
Франкфурт тұрғыны Кристиане Эльфнер, мен үшін танымды да қызық фестиваль болды. Еуропа елінде қазақтың ұлттық сусынынан ауыз тиігісі келетіндер көп, деді.
«Мұнда 1997 жылы Қазақстаннан көшіп келген едік. Осы кезге дейін шыққан жерімізді ұмытқанымыз жоқ. Қазақстанды еске алғанда бауырларымызбен өзара қазақша сөйлесеміз. Етті де ұмытқанымыз жоқ. Реті келсе, ет асып жеп, шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құрамыз. Мен - осы мерекенің тұрақты қатысушыларының біріміз. Бүгін де қымыз ішу үшін 170 шақырымды артқа тастап келдік», дейді Қазақстаннан қоынс аударған Вальдемар Адам.
Майндағы Франкфурт қаласының тұрғындары жылына екі рет қымыз күнінде осы жерге жиналады. Сусынның дәмі біздікінен өзгешелеу. Арнайы технологиямен дайындалады. Германияда ең ірі жылқы фермасы осы Цольмандарда бар. Қазақтың ұлттық сусынын 1959 жылы Цольманның әкесі Рудольф алып келген.
«Жыл сайын қожалықта қымыз фестивалін өткіземіз. Әрі Германия бойынша мұндай арнаулы мерекені біз ғана жасаймыз. Себебі, аса пайдалы сусынды еуропалықтар да сүйсініп ішеді. Бір жағынан халықтың көңіл-күйі көтеріліп, жанына дәру болатын астан ауыз тиеді. Сондықтан осындай игі шара ұйымдастыратынымызға өзіміз де қуанамыз әрі мақтанамыз», дейді шаруашылық иесі Гудрун Цольман.
Пікірлер