Моңғолияның Алтай таулары маңындағы Қобда қаласында бір шопанның хабарлауымен бір әйелге тиесілі деп болжанған мумия табылды. Түркі тектес бір адамның денесі деп болжанып отырған бұл мумия шамамен 1500 жылдық екені анықталып отыр. Жанында садақ болмағаны үшін мумияны әйел деп отырған зерттеушілер қабірден бұдан басқа құрбан болып қоса көмілген жылқы, сондай ақ, ат абзелдері, яғни ертоқым, жүген тізгінімен, қыштан құйылған ыдыс, ағаш кесе, темір қазан, «дүүл» деп аталған 4 моңғолдардың ұлттық киімі, жастықтар, бір қойдың басы, киіз қоржын, ешкі сүйектері, сондай-ақ бір дорба шыққан. Дорба мен қоржын өте жақсы сақталған екен.
Мумия киізге ораулы болған. Археологтар киізге оралған мүрдесі бар мазарлар түркі халықтарына қатысты екенін айтып отыр.
Қобда мұражайының археологы Б.Сухбаатар: «Бұл адам текті әулеттен емес. Мәйіт ер адамдікі деп отырмыз. Себебі, қасынан садақ табылмады. Қазіргі уақытта мумияның киізін өте мұқият ашып жатырмыз. Бұны ашып болған соң ғалымдарымыз мумияның еркек пе, әйел ме, нақтысын айтатын болады және бұдан да көп дүние мәлім болмақ», – дейді.
Ол мәйіттің қасына қоса қойылған аттың әдейі құрбандыққа шалынып жерленгенін айтып отыр. «Жылқы 4-8 жас шамасындағы бие. Сондай-ақ, мазардан табылған 4 камзол да мақтадан жасалған», – дейді археолог. Зерттеушілер мазардың біздің дәуіріміздің 600 жылдарға тиесілі екенін айтып отыр.
Теңіз деңгейінен 2803 метр биіктіктен табылған қабір жайлы мәлімет берген Сухбаатар: «Осыншама биіктікте болуы және ауа райының суықтығы мазардың сақталуына ықпалын тигізген. Мазардың тереңдігі 3 метр. Қабірден табылған заттардан адамдардың өте шебер қолөнерші болғанын көріп отырмыз. Егер бұл табылып отырған адамның қатардағы қарапайым бір адам болғаны анықталса, онда сол дәуірде қолөнердің өте жоғары деңгейде дамығанын көре аламыз», – деді.
Пікірлер