Италия қалаларының билігі мигранттардың бизнестегі мүмкіндігін шектеуде. Бұл мәдени дәстүрді сақтау деп түсіндірілгенімен, сыншылардың пікірі бойынша әдеттегі кемсітушілік. Италияның Верона қаласында жаңа «этникалық» тамақтану орындарын ашуға тыйым салынды. Бұл ең алдымен мигранттар ашатын, кебаб пен басқа да шығыс тағамдарын сататын кафелерге қатысты болып отыр. Шенеуніктер мұндай шешімнің қала дәстүрін сақтауға мүмкіндік беретінін айтуда. The Telegraph британ газетіне берген сұхбатында қала басшысы Флавио Тоски: «Осы шешімге орай қаланың имиджіне нұқсан келтіруі мүмкін көшеде тамақтану орындары ашылмайтын болады. Ол біздің тек тарихи және сәулет мұраларымызды сақтауға ғана емес, Верона орналасқан аймақтың мәдени дәстүрін де сақтауға мүмкіндік береді»
,– деді.
Мұның алдында осындай шектеулер Флоренцияда енгізіліп, бизнестің көп саласын қамтыған болатын. Қала жылдам әзірленетін тамақтану орындарына, валюта айырбастау пунктеріне, ғаламтор-кафелері мен телефон пунктеріне, сондай-ақ массаж орталықтары мен букмекерлік кеңселерге қатаң ережелер енгізген-ді. Бұл шағын бизнестің барлық салаларында мигранттар, әсіресе мұсылмандар мен қытайлықтар маңызды рөл атқарады. Жұмысына шектеу қойылған мұндай мекемелердің жергілікті тұрғындарға «ұнамайтыны» хабарланған.
Осындай ережелерді Венеция да енгізбекші. Мұндағы негізгі мәселе қала келбетіне ықпал ететін жәдігерлік дүкендерде болып отыр. «Бұның біздің тарихымызға қатысы жоқ және ашығын айтқанда қолайсыздық тудырады» деген болатын қала басшысы Луиджи Брунаро.
Сынға алушылар бұл шектеулердің тек кемсітушілік екенін ашық айтуда. Бұған қоса Италияда 1,5 млн
. мұсылман бар екеніне қарамастан тек алты мешіт қана ресми түрде ашылғанын айта кету керек.
Пікірлер