Өткен сенбі күні Шахтинск қалалық кеншілердің мәдениет сарайында Мұхаммед пайғамбарымыз (ﷺ) ұлықталып, өнегелі өмірі насихатталып, салауаттар айтылды.
Мүбәрак жүрегінен файз нұры тараған Алла тағала елшісінің барлық игі қадір- қасиеттерін тыңдауға ынтығып келген шахтинск жұртшылығы санында шек болмады. Еңкейген қариялардан бастап, еңбектеген балалар да, ақ жаулықты әжелер мен аналар да, қыз-келіншектер де, сондай-ақ, қала әкімі, қала басшысының орынбасарлары, облысымыздың төңірегіндегі аудан, қала және кенттердің имамдары да қатысты. Салауаттар айтылған атаулы шарада Теміртау қалалық мешітінің наиб имамы пайғамбарымыздың рухына арнап Құран бағыштады. Ең тартымдысы, қазақы салт- дәстүр бойынша тәттілерден шашу шашылып, пайғамбарымызға құрмет көрсетілді.
Мәуліт мерекесінің салтанатты жиынын маржан сөздің марқасқасы, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбай Жұмағұлов жүргізіп барды. Әрбір сөзін салмақтап, жүрекке жағымды етіп жеткізетін Айтбай Ботпайұлы шараны әсерлі әңгімелерімен жандандыра түсті. Пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен бейноролик тарту етіліп, Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарлық қызметі мен халыққа жасаған ізгі амалдары, жақсылықтары түгел баян етілді. 23 жыл пайғамбар болған Алла Тағала елшісі ауыр замандарда өмір сүріп, Жаратқан иемізден жіберілген Құран сүрелерін мұсылман жұртшылығына жеткізудегі, насихаттар айтудағы ерен еңбектері бүгінгі мұсылман қауымның құлақ құрышын қандырды.
Пайғамбарымыздың өмір жолы, тағдыры баян етілгенде, жүрегінде иманы, ауызында Алласы бар залдағы отырған көңілі патша мұсылмандардың көзіне жас үйірілді.Одан кейін сахна төріне көтерілген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысындағы өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа сонау XIV ғасырда әлемді зұлымдық, надандық торлаған заманда өмір сүріп, бүкіл адамзат баласын қараңғылықтан алып шығып, көкірегіне адамгершілік, ізгілік, имандылық дәнін сепкен бір ғана тұлға ол- пайғамбарымыз Мұахммед (ﷺ) екенін оралымды ойларымен, айшықты пікірлерімен түсіндіріп, жұртшылықты өзіне баурап алды.
Мәуліт жайлы қала әкімі Сержан Аймақов ұлағатты ойларды жалғастырып, бүгінгі өзіндік мәні бар салтанатты шараға жиналған мұсылмандар діни басқармасының өкілдеріне, имамдарға, сонымен қатар, шахтинск халқына алғысын білдіріп, күллі адамзатты парасаттылыққа, әдептілікке, мәдениеттілікке бастаған Ислам дінінің маңызын, Алла елшісі Пайғамбарымыздың елеулі еңбектерін жас ұрпаққа өнеге етті.Сонымен қатар, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы Мұхаммедқали Әбдуов сөз алып, пайғамбарымыздың көркем мінезі, әділеттілігі, тақуалығы және жүріп өткен сара жолы жайында әңгімеледі.
Әсерлі әңгімелер саналарға ой салып, әсем әуендер көңілді тербеген ғажайып бұл шарада иман жолына түсіп, пайғамбарымызды ұлықтаушылардың қатарында болған Ә.Бөкейханов атындағы мектеп- лицейінің бір топ жас жеткіншектері Балақажы атындағы мешіттің имамы Махмұт қажы Нұрұлымен салауаттар айтып, көңілге қонымды өлең-жырлар оқыды. Шахтинскілік айтыскер ақын, дін жолында жүрген Нұрмұхаммед Байсүгіров «Жоқ іздеп жүрмін» термесін орындап, жұртшылыққа рухани ләззат сыйлады.
Мәуліт мерекесіне жиналған мұсылман қауымға мешітіміздің бас имамы Әлімбек Мирзаев өзінің ақжарма тілегін жеткізді. Шара барысында қала басшысы білімдерімен, өнерлерімен көпшіліктің көңіліне әсер қалдырған мектеп-лицейдің оқушыларына алғыс хаттар мен құран кітаптарын табыс етті. Мереке соңы айтыскер ақындар Тілеген Әділов пен Мақсат Ақановтың пайғамбарымыздың өнегелі өміріне, имандылыққа арналған айтысына ұласып кетті.
Аманкелді Тұржанов, Шахтинск қаласы
Пікірлер