Қарашаның 17-ші жұлдызында Теміртау орталық мешітінде құптан намазынан кейін бір сағаттан астам уақыт уағыз болды. ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесінің мүшесі, ОҚО облысы, Сарыағаш медресесінің директоры, ғалым, ұстаз Әбдісаттар Сманов Теміртауға арнайы ат басын бұрды. Мұндағы халықтың хал-ахуалымен танысып, орталық мешітте жамағатқа бір сағаттан астам уақыт уағыз айтты. Ғалымның уағызын тыңдауға келген жамағаттың саны 200-ден астам болды. Мұндай ғалым ағаларымыздың бір қалаға емес, бүкіл елімізге ауадай қажет екендігі баршамызға белгілі. Әйтсе де, Әбісаттар ағамыз бір сағат болса да уақытын бөліп, жамағатпен жүздесіп, қазіргі таңда ел ішіндегі ең өзекті мәселеге айналған жат ағымдар, ата-анаға құрмет, неке, береке- бірлік сияқты тақырыптарды қамтыған мәнді де мағыналы уағыз айтып, жамағатты рухани бір сусындатып тастады. Риза болған жамағат білікті ғалымға алғыстарын білдірді. Соңында Әбдісаттар ағамыз қол жайып, елдің тыныштығын, отанның амандығын тілеп, жамағатқа бата берді.
Пікірлер