Қарағанды қаласының «Достар әлемі» конақ үйінде «Конфессияаралық және ұлтаралық келісім: Қазақстанның тәжірибесі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш жиынға теолог, ғалым, РАНТ мүшесі, «Сарыағаш» медресесінің директоры Сманов Әбдісаттар Шәкірұлы мен ҚМДБ-ның «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы келді.
Басқосу ҚР-ның 2013-2017 жылдар аралығындағы экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып отыр. Ғылыми-тәжірибелік конференция Қарағанды облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді.
Бірнеше дін өкілдері басқосқан алқалы жиында дінаралық келісімнің кемел келешек үшін маңызы зор екені айтылды. Жан-жақты білімі толысқан дін қызметкерлері мемлекеттік деңгейдегі біраз мәселенің басын ашып, талқылады. ҚМДБ-ның «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы конфессияаралық және ұлтаралық татулықтың ел болашағы – жастар үшін маңызы зор екенін тілге тиек етіп, қазіргі таңдағы жас буын арасындағы татулықты нығайта түсуіміз керек. Өскелең ұрпаққа пайдалы ілім беріп, дұрыс жол көрсету басты міндет екенін айтты.
Ауқымы кең кездесуге ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы да қатысып, өзінің баяндамасында: « Пайғамбар хадистеріне үңілген пенде шынайы мұсылманның өзіне де, өзегеге де, қолымен және тілімен зиян келтірмейтіндігін аңғарады. Өкінішке қарай, бәзбіреулер бір күн болса да мұсылман болып өмір сүрейік деген келте ойлаудың құрсауында жүр. Ол дегеніміз – ауқымы кең асыл дінімізді өзінің тар шеңберінде ұстап, өзгелермен көркем қатынас орната алмайтын соқыр сенімге апарады», - деп жат ағымның арбауында жүргендердің қисынсыз әрекеттерін айтып, татулық пен сыйластықтың маңыздылығына тоқталды.
Береке мен бірлікке үндейтін тағылымды шараның өтуіне мұрындық болған Қарағанды облыстық дін істері басқармасы басшысы Қайрат Қаршығаұлы келген қонақтарға алғысын білдірді. Алыстан ат артып келген білікті дін мамандары жергілікті телеарналарға сұхбат беріп, тұшымды дүниелерімен бөлісті.
Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер