Ислам һақ дін деп бойұсынып, өзге сенімнен бас тартып мұсылмандық қабылдағандар бүгін де көптеп кездеседі. Алайда Алланың хикметіне мойынсынғандар көбіне ақыл тоқтатқан, жасы келген кісілер болып жатады. Ал жеті жасар кішкене бүлдіршіннің ислам дініне құлшылығы артып, мұсылман болуға асыққанына таң қалмасқа болмады. Теміртау қалалық мешітіне Карина есімді орыс қызды ертіп баланың атасы келіп, немересінің ислам дінін қабылдағысы келетінін айтты. Кішкене қыз тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман атанды. Теміртау қалалық мешітінің наиб имамы Митератбек Орынбекұлы Каринаға ислам дінінің құндылықтарын, Алла Тағаланың ұлылығын әңгімелеп берді. Наиб имам кішкентай қарындасына болашақта ақиқатты айқындайтын мұсылман болып, Алланың сүйікті құлына айналсын деп дұға-тілегін білдірді.
Пікірлер