Қарағанды қаласының «Болашақ» колледжінде жастар арасында «кіші футболдан» жарыс өтті. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Жастар – ел болашағы» атты акция жолға қойылған болатын. Осындай ауқымды шара аясында Қарағанды облыстық орталық мешіті мен «Жастар ісі» бөлімінің меңгерушісі Уақасов Мадияр мешітке келіп жүрген жастарды жинап «кіші футболдан» жарыс ұйымдастырды.
Мұндағы мақсат жамағат арасындағы, әсіресе жастар арасында ауызбіршікті нығайту, бір-біріне деген құрмет, сыйластықты орнату. Осы сайыс болады деген күннен-ақ қала жастары қызығушылық танытып, ойынға қатысуға ынта білдірушілер көп болды. Бас-аяғы 14 команда жиналып, жігерлі жастар өте тартысты ойын көрсетті. Команданың осалы болмады, барлығы да күш-жігерлерін салып, мықтылықтарын танытты.
Жарыс болғаннан кейін жеңімпаз да болады. Теңбіл доп тебуден алдына жан салмай, алға суырылып шыққан «Болашақ» колледж студенттері І орынға ие болды. Ал ІІ орынды «Ақниет» командаса алса, «Болашақ» университеті жастары ІІІ орынды қанағат тұтты. І орынды иеленген жастар ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Ө.Қ.Бекқожаның кубогына ие болды. Жеңімпаздар медаль мен мақтау қағаздарымен марапатталып, сыйлыққа қасиетті Құран кітап табысталды.
Осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы жеңімпаздарды жеңісімен құттықтап, «Жастар – біздің ертеңгі болашағымыздың кепілі. Олардың дұрыс тәрбие алып, келешекте еліміздің мақтан тұтар азаматтары болуы өте маңызды. Жастардың басын біріктіріп, қашан да жөн сілтеу –біздің міндет», - деді.
Жастардың өркениетті елдің өрлі азаматтары болуда, өзіндік үлесін қосып жүрген «Жастар ісі» бөлімінің меңгерушісі Мадияр Мейіржанұлы алған бағытымыздан таймай, әлі де жастарды ынталандырып, тәлім-тағылым беретін қызықты шаралар ұйымдастыратын боламыз деді.
Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер