Мұхаррам айы Алланың қасиетті деп санаған төрт айының бірі. Ал бұл айдың 9-10-шы күнінің шарапаты мен қасиеті тіптен мол. Ол күн «Ашура» деп аталады. Қасиетті сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) риуаят еткендей, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айының 10-шы жұлдызында ораза ұстайтынын байқаған. Сондай-ақ, бірнеше сахих хадисте Ашура күні ораза ұстаудың бастапқыда мұсылмандарға уәжіп болғандығы жеткізілген. Кейінірек Рамазан айының оразасы парыз етіліп, Ашура күні ораза ұстау ерікті болған. Бұл күнгі ұстаған оразаның сауабы бір жыл ұстаған оразамен тең. Осындай шарапаты мол күнді білетіндер бүгін де некен-саяқ. Ал, отбасын, бала-шағаны мұсылмандық жолмен имандылыққа, жақсы амалдар жасауға тәрбиелеу бұл қоғамның іргесінің мықты болуының нышаны. Ал иманилықты бойға сіңіріп, насихаттауда телевидениенің орны бөлек. Сондықтан да бала да, шаға да көретін көгілдір экраннан осындай қадірлі күндердің бар екенін, оның қандай қасиеті турасында көбірек берілгені қоғамның пайдалы ілім алып, дұрыс тәрбие алуына бірден-бір себеп. Қарағанды қаласының «5 арна» телеарнасы қасиетті күннің қадірін халыққа жеткізу мақсатында Ақтоғай ауданының бас имамы Ардақ Тукетаевпен салиқалы сұхбат жүргізді. Аудан имамының дін жайлы, «Ашура» күні турасында өрбіткен әңгімесін «5 арна» телеарнасына көруге мүмкіндік бар. Дін өкілдері халықтың алдына жиі шығып, білген-түйгенімен бөлісу халықтың діни сауатын арттырып, адал жолда жүруге көп септігін тигізері анық.
Пікірлер