Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Рухани келісім күні» қарсаңында кездесу өтті. Кітапхана ұжымы жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттерін жинап, атаулы күнге орай «Конфессияаралық алуан түрлілік» тақырыбында дін өкілдерімен шара ұйымдастырды. Шараға Қарағанды облыстық орталық мешітінің наиб имамы Бекболат Қосмағанбетов Зүлжалладинұлы қатысып, дінаралық татулықтың маңыздылығына тоқталды. Наиб имам өз сөзінде: «Діни алалаушылық тәуелсіздігіміз бен тыныштығымызға нұқсан келтіреді. Ел ішінде бүлікке жол бермес үшін бір-бірімізге деген мейірім, сыйластықтан айырылмауымыз керек», - деді. Бүгін де белең алып, халықты үрейлендіріп отырған діни экстремизм мен терроризмнің салдары да осы татулықтың жібі тарқатылғанында деді. Мұсылмандардың тәлімдік құжаты «Мұсылман тұғырнамасының» осы орайда маңызы зор. Дін өкілі діни құжатпен таныстырып, түсіндіріп берді. Студенттер ойландырып жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды. Аталмыш шара жастарды адамгершілік құндылықтарын ұғынуға, өзге дін өкілдеріне құрметпен қарау мен деструктивті діни ағымдардан қорғануға септігін тигізеді. Тәлімі мен тағылымы мол кездесулер жастарды дұрыс жолға жетелейтіні сөзсіз.
Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер