Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгелі асыл дінімізді асқақтатып жатыр. Салт-дәстүрді жаңғыртып, Ислам дінінің қанатын кеңге жаю мақсатында жыл сайын 18-қазанда «Рухани келісім күні» де арнайы аталып өтіледі. Шет аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері «Ислам – бірлік пен татулық діні» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Жиын «Рухани келісім күніне» арналған. Барша оқырманның діни сауатын ашу мақсатында ұйымдастырылған шараға Шет ауданы «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы Маханбетчин Берік қажы арнайы қатысты. Берік қажы Алпысбайұлы кітапханаға келген ауыл тұрғындарымен қоса жастарға түсінікті болу үшін «Діннің қуаттылығы Аллаға деген сенімді нығайтудан басталады», - деп, дінді жаңғырту жолдарын, дәстүр мен діннің сабақтастығын таратып айтты. Соңғы уақытта елімізде мешіттердің көптеп ашылуы, онда жүргізілетін сауат ашу дәрістері барлығы да қоғамды жат ағымдардан алыста ұстау үшін істелініп жатқан шаралар. Бас имам діни экстремизмнің ошағына айналмау үшін, үйде бала тәрбиесіне көңіл бөліп, Абай атамыз секілді ғұламалардың кітаптарын оқып, мүмкіндік болса мешітке келіп, діни сауат алу қажеттігін насихаттады. Берік қажы Алпысбайұлы: «Террорлық әрекеттердің орын алуына себепкер болып кетпейік, жолда жүрген үгітшілерден бойымызды алыс ұстайық», - деп, барша жанға жанашырлық танытты. Асыл дінімізді қайнар бұлақтармен қауыштырып жатқан кітапханашылар «Дін мен дәстүр», «Саясат күнде өзгереді – ал дін мәңгілік!» сынды тақырыптарда баяндама жасап, жиынға келген қонақтарға мол ақпарат берді. Ауыл тұрғындары, соның ішінде Бәкір ата, Зәмірбек ата және Шәйкен аталарымыз жасөспірімдерге қоғамда орын алып жатқан оқиғалардан мысалдар келтіріп, ата-бабамыздың ақ жолын насихаттап, елге тыныштық тіледі. Тәрбиелік мәні бар осындай жиындар көпке үлгі, өнеге болмақ!
«Жанқұтты би» мештінің баспасөз қызметі
Пікірлер