Елбасымыз тыныштық пен тұрақтылықты сақтауды жас мемлекетіміздің болашағы үшін маңызы зор екендігін өз жолдауларында: «Кез келген халықтың рухани мәдениетінің негізін бейбітшілікке, келісімге, әділдікке ұмтылу құрайды. Көп ұлтты қазақстандық мәдениетке тән рухани бастамаларды нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын өткізу қазіргі әлемнің руханилығын нығайтуға, мәдениеттер мен өркениеттер үн қатысуларын кеңейтуге маңызды қадам болатындығына сенімдімін» деген ойларымен білдіріп отырады.
Осы орайда, Қарағанды қалалық әкімдігінің мәжіліс залында атаулы мереке қарсаңында өткізілген басқосуға №1-мешітінің наиб имамы Бақдәулет Қыдырбайұлы қатысты. Дәстүрлі дін өкілдері мен тиісті құзырлы мекеме мамандардың қатысуымен өткен жиында сөз алған наиб имам: «Бүгінде осы игі бастамаға еліміздің барлық аймақтарында қолдау көрсетіліп, түрлі іс – шаралар аталып өтілуде. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстар арасында алауыздық жоқ. Рухани келісім күні - біздің қазақ халқы үшін де атаулы күн. Себебі, ата – бабаларымыз әр уақытта да өз өмірінде ар мен ұятты жоғары бағалаған. Соның нәтижесінде бүгінде елімізде жасап жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың және әртүрлі мәдениеттің өкілдері бар. Олар өздерін еркін сезініп, бейбіт өмір сүрулері қазақ халқының бойына сіңген дархандық, мейірімділік пен қонақжайлылықтың арқасында. Халқымыздың бойындағы бұл асыл қасиет ата-бабаларымыздың қанынан дарыған. Осы жақсы қасиеттер қазақ халқының бойына кейін Ислам діні қабылдаған соң да жоғалмай керісінше дамып, қуаттана түсті. Ислам дінін қабылдаған қазақ халқының бойындағы адамгершілік қасиеттер алдымен Құран мен хадис арқылы қалыптасқан», деп баяндама жасады. Сөз соңында жаһандану заманында осы адами құндылығымызды бойымызда жоғалтпай ұстау біздің басты міндетіміз дегенді алға тартып, «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» құжатымен таныстырып өтті.
Қарағанды №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер