Қарағандылық Анастасия есімді орыс қыз мұсылман атанды. Бүгін орыс ұлтының қызы облыстық орталық мешітке келіп, тілін кәлимаға келтіріп, ислам дінін қабылдады. Христиан дінін ұстанатын Настя ақиқатты Құраннан таптым дейді. «Бұрын да шіркеуге барып мінәжат етіп жүрдім. Бірақ, көңілім орнына түспей, жүрегім қаламай тұратын. Жұмыс орнымда мұсылман қыз-келіншектер болды. Олар сәждеге бас қойып, намаз оқығанда қатты қызығып, ислам діні туралы сұрай бастадым. Мазалап жүрген сұрақтарыма жауап тапқандай болдым, - дейді ол. Анастасия әрі қарай біле түсу үшін, бірден Құран кітап сатып алыпты. Әлемдердің Раббысы түсірген қасиетті кітапты оқығаннан кейін, мұсылмандықты қабылдауға бел буған. Алдағы уақытта намазға жығылып, мұсылманның бес парызының бірін орындамақ ниеті бар. Қасиетті Құран кәрімде : «Егер бір іске бел байласаң, Аллаға тәуекел ет. Сөзсіз, Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді» («Әли Имран» сүресі, 159-аят), - деген. Абай атамыз «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз еш уақытта жалған болмас», - деген екен. Ендеше Алла Тағала ақиқат жолымен жүруге жазсын.
Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер