Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешітінің бас имамы Нуров Махмут қажы тағы бір қайырымды шараны қолға алды. Алдағы күнде Пришахтинск елді-мекеніндегі қарттар үйіндегі жаны жайсаң қариялармен рухани жұмыс жасалмақ. «Бала қажы» мешітінің наиб имамы Дариев Берік қарттар үйіне арнайы барып, онда жатқан қарттармен жеке кездесіп, қал-жағдайларын білді. Әрбір ақ жаулықты апалар мен ақсақалдармен жеке болған әңгіме барысында олардың бала-шағасы туралы сұрастырып, осы мекемеге келуіне не себепкер болғаны да анықталды. Енді көзі тірісінде өз туған перзентінің қамқорынсыз қалған жандарды рухани қолдау жұмысы жүргізілетін болады. Яғни, осындағы қариялардың үй-жайы, отбасы бар балаларын іздеп тауып, олармен мешіт имамдары кездесу өткізіп, мүмкіндік болса қарттарды жылы жанұяға қайтаруға қолдау көрсетіледі. Бұл игі шара қатары күн санап көбейіп келе жатқан қарттар үйінің азаюына бірден-бір себепші. Баға жетпес қазынамыз –қартайған шағында бала-шағасының қызығына батып отырса, осыдан асқан арман жоқ шығар, сірә!
«Бала қажы» мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер