Қыркүйек айының 24-ші жұлдызында болған Құрбан айт мерекесі Теміртау қаласы Орталық мешітінде жоғары деңгейде өтті. Таңғы сағат 6.00-де басталған айт намазына ағылған халықтың санында шек жоқ. Мешіт ішіне сыймай қалған жамағат мешіт ауласына кілемдерін төсеп, намаз оқуына тура келді. Бас имам Төлтаев Ербол Мұқанұлы жиналған қауымды әуелі айт мерекесімен құттықтап, одан әрі құрбан айттың шығу тарихынан бастап, құрбан шалудың маңызы, сүннеті мен әдептері және қандай мал түрі құрбандыққа шалынатыны, құрбан малының етінің кімдерге таратылатыны жайында ауқымды түрде түсіндіріп берді. Бас имамнан кейін сөз алған қаламыздың жаңадан келген әкімі Ашимов Ғалым Әбіханұлы арнайы келіп, халықты қасиетті айт мерекесімен құттықтады. Елге тыныштық пен ынтымақ, бақ пен береке дарысын деген ақ тілегін жеткізді. Айт намазынан кейін, жылдағы дәстүр бойынша мешітте киіз құрылып, жамағатқа айттық ас берілді. Шариғат әдептерін сақтай отыра, Құрбан айттың басты рәсімі – құрбандық шалынды. Арнайы құрбандық шалу орнынан бас имам бата жасап, қала әкімі өз атынан және ұжымының атынан екі қой құрбандыққа шалды. Барлық мал еттері жағдайы төмен отбасылар, жетім-жесірлер мен мұқтаж жандарға таратылды.
Құрбан айт – әлем мұсылмандарының қуанышқа толы құтты мерекесі. Теміртау қаласы Орталық мешіті айттың құрметіне спорттық шаралар ұйымдастырып, халыққа шаттық сыйлады. «Түйе балуан», «қол күрес», «арқан тартыс» сияқты ұлттық ойын түрлерінен тартысты жарыс өтті. Оза шыққан қатысушылар орындармен марапатталып, мешіт атынан сыйлықтар табысталды. Осындай шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған бас имамға және мешіт ұжымына халық дән риза болып, ақ баталарын берді.
Пікірлер