Әр істе бір қайыр бар. Жастайынан ата-ана қамқорынсыз өскен балалар тағдырдың қиындығына төтеп беріп, міне, қазір аяққа тік тұрды. Құрбан айт мейрамында жетімдер үйінен тәрбиеленіп шыққан жастармен кездесіп, тұрмыс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік туды. Қарағанды өңірі бойынша «Зекет» қорының бастамасымен ұйым басшысы Еркебай Жұматаев пен Облыстық орталық мешіттің бірінші наиб имамы Серік Амамбайұлы «Құлыншақ» жетімдер үйінен түлеп ұшқан балалармен дастархандас болды. Кәмелет жасқа толған жасөспірімдер, өз күнін өзі көруге шамасы келгенде үйіндей болған жылы ұясын тастап, аяққа тұруы тиіс. Біз қонақ болған өрімдей қыздар мен жеткіншіктер осы кейіпті кешіп жүргендер. Қарайласатын жанашыры болмаған бір топ қыздар мен ұлдар, өздері тәрбиеленген жердің қолдауымен уақытша жатақхананы паналауда. Олар – тағдырдың ащы дәмін татса да, басқа түскен ауыртпалыққа мойымай, өмір сүруге деген құлшыныстары мол қайсар жандар. Ата-ананың жылулығы, туыстық қарым-қатынастың қадірін жақсы түсінетін бұл қыздар мен ұлдар, бір үйдің баласындай болып кеткен. Бірінің жоғын бірі беріп, қиналғанда біріне-бірі демеу болып жүреді. Қыздардың кейбірі колледж табалдырығында оқыса, жартысы жұмыс істейді. Жататын орындары ғана тегін. Ал, ішер асы, киер киімінің барлығы өз мойындарында. Соған қарамастан олардың арманы асқақ, мақсаты биік. Жанына пана болар жанашыры жоқ жандар жүрек жылуын аңсайды. Ұлық мерекеде Еркебай Жұматаев қор атынан, оларға дастарханға салар тәтті дәмдерін алып беріп, құрбандыққа шалынған қойдан берді. Көңіл бөліп келген ағаларына риза болған қыздар дастарханды жайнатып, шәйға шақырды. Нәзік жандылар орыс-қазақ демей бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатыр. Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде мүдірмей сөйлейді. Қысылмай бізбен ашық-жарқын әңгімелесіп, Маша атты орыс қызы қазақша ән де айтып берді. Наиб имам Серік Амамбайұлы «Ислам – татулықтың, бірлік пен бейбітшіліктің діні, Құрбан айт күні де мейлінше көңілдерің жадыраңқы болып жүрсін», - деп айтулы мерекемен құттықтады. Қарындастырына Алла сүйген құлын көп сынайды және сабырлық танытып, Алланың ақ жолымен жүрген адамға шапағатын төгіп, ризығына бөлейтінін еске салып ақыл-кеңесін айтты. Әдемі отырыстан кейін наиб имам балаларды Алланың ақ үйімен танысуға шақырды. Қуана келіскен олар,сол күні мешітке келіп, экскурсия жасады.
Жетім-жесірге, көмекке мұқтаж жандарға көбірек қарайласуымыз қолы ашық жандардың қолдауының арқасында. Қолынан келгенше зекет, садақа беріп, жарым жандарға жақсылығым болсын деп жүргендердің бірі – Сафиулина Гульмуновар әжей. Торқалы тоқсанға таяп қалған қарт кісі жасы
келген болса да Алла үйіне келіп, зекет беруді әдетке айналдырған. «Көңіл қарын тойдырады» деген дана сөз бар. «Зекет» қоры қасиетті Құрбан айтта әжейді мерекесімен құттықтап, көңіл сұрап қайтты. Қуанып қалған Гульмуновар әжей ақ батасын арнады. Құдіретті жаратушымыз көптеген аяттарда мұсылмандарды жомартыққа шақырады. «Мұхаммед» сүресінің 38-аятында Алла Тағала: «Негізі, сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда, араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны», - дейді.
Құрбан айттарыңыз қабыл болып, Алла тағала нәсіптеріңізден айырмасын!
Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер