Барлық сеніп тапсырылған істерінде жауапкершілікті сезінуі және Алла Тағаланың алдында осы жөнінде есеп беретінін ұмытпауы әрбір мұсылманға парыз. Құран Кәрімде: «Негізінен Алла Тағала сендерге аманаттарды өз лайықты орындарға тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді» (Құран 4- сүре, 58- аят),- делінген.
Құрбан айт мейрамында орындалатын сауапты амалдардың үлкені –құрбан шалу. Алланың разылығы үшін ғана құрбандық шалып, мал еттерін тиянақты жинақтап, оны тиісті мұқтаж орындарға уақытылы жеткізу үлкен аманаттардың бірі. Осы қағиданы берік ұстанған Қарағанды қалалық №1-мешіті алдын-ала дайындық шараларын жасап, жүктелген жұмысты тиісінше атқарды. Мешіттен арнайы автокөлік даярлап, бекітілген орындардан құрбандық еттерін жинақтады. Келіп түскен 200-ден астам өтініштердің егелері құрбандық мал еттерімен толықтай қамтамасыз етілді. Өздігінен жүре алмайтын отбасы мүшелеріне мешіт қызметкерлері арнайы барып, шаңырақтарына бата жасап қайтты. Сонымен қатар, қаламыздағы «Арман» мүгедектер үйі, «Құлыншақ» балалар үйі, «Хоспис» орталығы, Тубдиспансерлік санаторийі мекемелеріндегі зәру жандарды наиб имамдар құрбан айтпен құттықтап, қайырымдылық көмек ретінде ет пен азық-түлік үлестірді. Ұжымдасқан іс-шаралар өз деңгейінде атқарылды.
Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер