Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешіті қасиетті Құрбан айт күні көптеген қайырымдылық шараларын жүзеге асыруда. Асыл дінімізде бұл айтулы мерекенің алар орны ерекше. Қасиетті Құрбан айт барша мұсылманның бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетіне айтқан өсиеттерінде үлкендерді сыйлап, жастарға мейірімді болуды тапсырған. Осы себепті, бүгін жұма намазына дейін, Пришахтинск елдімекеніндегі Қарттар үйіне қамқорлық жасалды. Мешіттің наиб имамы Дариев Берік Қарттар үйіне арнайы барып, қазыналы қарияларды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Жүздеріне күлкі үйірілген қариялар жылы лебізге жүректері жібіп, айтқа арналған дастарханнан дәм татты. «Бала қажы» мешітінің демеушілігімен Қарттар үйіне құрбандық еті және азық-түлік таратылды. Қариялар мерекені ұтымды ұйымдастырып отырған мешіт қызметкерлеріне аталық алғыстарын айтып, ел мен жұртқа тыныштық тілеп бата жасады.
«Бала қажы» мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер