Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұжымы жақсылық жасауға үндейтін құтты мерекеде қаламыздағы «Жарқын» жасөспірімдер үйіне бас сұқты. Сәһл ибн Сағдтан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жұмақта жетімге қамқоршы болған адамға осыншама жақын боламын», - деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағының арасын ашып көрсетті» - делінген (Бұхари, әдәб 24) . Құрбан айт мейрамы – мұсылмандардың қолынан келгенше көбірек сауапты іс жасайтын күні. Осыны ескерген ҚМДБ-ның жанындағы «Жастар ісі бөлімінің» меңгерушісі Уақасов Мадияр және Қарағанды өңірі бойынша «Зекет» қорының басшысы Еркебай Жұматаев қасиетті мерекеде жетімдіктің зардабын ерте тартқан, көңілге зәру жастардың жүздеріне қуаныш сыйлауды мақсат тұтты. «Жарқын» жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап, Құрбан айттың қадір-қасиеті жайлы ой бөлісті. Бұл мейрам дұға-тілектердің қабыл болатын күні, жақсылықтан үміт үзбеу керектігін де айта отырды. Өскелең ұрпақ – ертеңгі елдің ұйытқысы. Сондықтан –да жастарға қиындықты жеңе білу үшін алдыға мақсат қойып, соған жету жолында қажырлы еңбек керектігін де атап өтті. Аталмыш жасөспірімдер үйіне құрбандыққа шалынған мал етінен үлестіріліп, мәз-мейрам болып тарқасты.
Қарағанды облыстық орталық мешіттің баспасөз қызметі
Пікірлер