Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков облыстық орталық мешітінде болып, жиналған жамағатты қасиетті құрбан айт мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Елбасының қолдауымен Құрбан айт мейрамының қазақстандықтар үшін демалыс күні деп бекітілгенін тілге тиек етіп, айтулы мерекенің тәуелсіз еліміздің бірлігін нығайта түсуде маңызы зор екенін айтты. Жергілікті уақыт бойынша сағат 7.40-та барлық қала мешіттерінде Құрбан айт намазы оқылды. Биыл орталық мешітке келген жамағат саны 7000-ға жуық. Айт намазы алдында ҚМДБ-нің Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамның уақытша міндетін атқарушы Құрманов Серік Амамбайұлы жиналған жамағатты қуанышты күннің басталуымен құттықтап, намаз шарттарын айтып өтті. Айт намазынан кейін жиналған жамағат мұсылмандардың ұлық мерекесі –Құрбан айт турасында уағыз тыңдады. Облыстық орталық мешіттің наиб имамдары Кәрсембай Дархан Асылтайұлы мен Қосмағамбетов Бекболат құрбан айттың тойлануы, құрбан шалудың шариғат үкімдері туралы ақпар берді . Әрі қарай жұртшылық айтулы мерекеде жасалатын сауапты істердің бірі- құрбандық шалуға бет алды. Сойылған мал еттері айттың екінші күнінен бастап жағдайы төмен отбасыларға, жетімдер, қарттар үйіне, басқа да мұқтаж жандарға таратылатын болады. Сонымен қатар бүгін облыстық орталық мешіт ұжымы жетімдер үйіне бас сұғып, балаларды тәтті-дәмдерімен, сыйлықтарымен қуантпақшы.
Пікірлер