Қоғамның дертіне айналған бүгіннің өзекті мәселесі өз-өзіне қол жұмсау болып отыр. Құқық қорғау қызметкерлері, психолог мамандар, дін қызметкерлері суицидтің алдын-алу мақсатында түрлі бағытта жұмыстар да жасап жатыр. Көбіне жастар арасында өршіп тұрған осы мәселеге қатысты өткен кездесуге «Бала қажы» мешітінің бас имамы Нуров Махмұт қажы қатысты. Бас имам Қазыбек би аудандық әскери комиссариятында «Қоғамның дерті болған – суицид» деген тақырыпта өткен жиында әскери сала қызметкерлеріне жастардың санасына діни білімді құйып, әсіресе өтпелі кезеңдегі балалармен тікелей жұмыс жасау абзалырақ болады деген ұсынысын жеткізді. Өлімге жетелейтін қиындықтар діни сауаттың аздығынан, иманның кемшіндігінен екендігін түсіндірді. Сонымен қатар, бас имам мүмкіндікті пайдаланып, жеткіншектермен қатар ата-анамен де жұмыс жасайтын қызметкерлерге суицидтің шариғатта рұқсат етілмейтінін, оның жазасы өте ауыр болатындығын баса айтты. Қоғамға жат, екі дүниемізге күнә істің алдын-алуға бағытталған осындай тәлім-тәрбиелік мәндегі шаралардың көптеп өтуі бүгінгі қоғам үшін аса маңызды, әрі ұрпақ саулығына қосар үлесі зор бола бермек.
«Бала қажы» мешітінің баспасөз хатшысы
Пікірлер