Усман ибн Аффәннан жеткен хадисте Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны хабарланады: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды өздері үйреніп, сосын оны басқаларға үйреткендерің» (әл-Бұхари). Осы негізде «Бала қажы» мешітінің наиб имамы Қалмағанбетов Нұржан Оңғарұлы Доскей ауылына келіп, арнайы діни сауат ашу курсын бастады. Дәріс сәрсенбі күні ақшам мен құптан намаздары аралығында өтеді. Бұл мешітте қазір онға жуық шәкірт жиналып Құранды мәнерлеп оқу курсын бастады. Дәріс аясына араб тілінің грамматикасы, тәджуид, Құран оқу, фикһ, ақида тақырыптары қамтылған. Сонымен қатар, Ислам құндылықтары кеңінен насихатталып, дін мен дәстүр сабақтастығы шәкірттердің санасына сіңірілуде. Иман нәрін сеуіп жатқан ұстаз Нұржан Оңғарұлы шәкірт саны артса, дәріс уақытын көбейтуді алдына мақсат етіп отыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы, әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді. Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден айырмашылығына келетін болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толған айдың басқа жұлдыздардан айырмашылығындай» деген. (ат-Тирмизи, Ибн Мәжәһ)
Осы аймаққа басшылық жасайтын «Бала қажы» мешітінің бас имамы Махмуд қажының діни сауаттылықты арттыратын іс-шараны кеңейтуге бағытталған игі жұмысы осындай іспен өрістеуде.
«Бала қажы» мешітінің баспасөз хатшысы
Пікірлер