2015 жылдың қажылық маусымы үшін тұңғыш рет Алматы қаласынан Мәдина және Жидда бағыттары бойынша тікелей рейстердің ашылғаны туралы осыған дейін сүйінші хабар таратқан болатынбыз.
Тұңғыш рет тарихи оқиғаның куәсі болған еліміздің қажылары қасиетті Мәдина қаласына табан тіреді. Екіжақты келісімге сәйкес, Қазақстан қажыларын толық тасымалдау құқығына ие болған Сауд Арабия Корольдігінің FlyNas халықаралық әуекомпаниясына тиесілі Airbus 330, 300 (сыйымдылығы 375 адам), Boeing 757 (сыйымдылығы 210 адам) маркалы әуекемелері Мәдина қаласын 5 сағат 30 минутта бағындырды.
«Бұған дейін Мәдина, Жидда қалаларына тікелей рейстердің болмауына байланысты жерлестеріміз Түркияның, Біріккен Араб Әмірліктері әуежайларының қонақ үйлерінде немесе күту залында 16 сағатқа дейін күтіп қалатын. Қазір қажыларымыз 5 сағат 30 минутта Мәдина қаласына жетті. Бұл – үлкен жеңілдік», – дейді ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Қанат Бекжанов.
«Құдайға шүкір, шаршамай-шалдықпай әп-сәтте Мәдинаға жетіп алдық. Бұл – мемлекетіміз үшін үлкен оқиға, тарихи бастама деп есептеймін. Осындай үлкен игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға, Діни басқарма басшыларына алғысымды айтамын», – деп лебізін білдірді Алматы облысынан келген Мәмбетқұл Санақұлұлы ақсақал.
Айта кетейік, биыл елімізден баратын 4 азамат бес парыздың бірі болған қажылық міндетін атқармақ.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
www.muftyat.kz
Пікірлер