Алла қаласа, бірнеше күннен кейін жер бетіндегі Алланы бір деп ұлықтаған мұсылман қауымына мінәжәт етуге мол мүмкіндік берілетін Зул-хижжа айының көлеңкесі түседі. Ислам парыздарының бірі – қажылық рәсімі бастау алатын қасиетті күндер күтіп тұрған қажылыққа ниет еткен қала тұрғындарына өкіл имамның ұйымдастыруымен серпінді семинар өтті.
Семинарда сөз бастаған өкіл имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы: «Жыл сайын осы уақытта Аллаға мойынсұнған, Оның мейірімінен үміт ететін миллиондаған жүректер ең алғаш ислам қазығы қағылған, Құран түсірілген, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маңдайы сәждеге тиген мекенге қарай асығады. Қағба – Жаратқанға құлшылық қылулары үшін адамдарға арнап тұрғызылған алғашқы үй. Хаж мабрур дегеніміз – мұсылманның қажылық рәсімдерін аса ұқыптылықпен, күнә-кемшіліктерге бой алдырмай орындауы. Бұл – Алла қабыл еткен қажылық. Оның белгісі адамның тәубеге келуі мен қайтып күнә жасамауға деген тоқтамы. Ал оның сыйлығы – тек қана жәннат», -деп қажылыққа ниет еткен кісілерді сабырлық пен ыждағаттылыққа үндеді. Құлшылық барысында орындалатын рәсімдерді тиянақты орындауды басты назарға алуды меңзеген өкіл имам мемлекеттік «e-GOV» электрондық порталынан айыппұлдардың бар-жоғын тексеруді ұмытпауды да еске салып өтті.
Пікірлер