Рамазан айынан соң 70 күннен кейін келетін құрбан айт мерекесі де жақындап қалды. Құрбан айт мерекесі қажылық сапардың соңғы күндерінде өтеді. Аллаһ тағала былай дейді: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» («Хаж» сүресі, 27-28). Әрбір іс ниетке байланысты. Сол себепті барша мұсылман бауырларды алда келе жатқан Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сүннет болған Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалуға шақырамын. Тіпті болмаса, құрбан шалуға ниет етуге шақырамын. Құрбандық шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Ниет істеген амалдан да қайырлы болуы мүмкін. Мүміндердің әмірі Әбу Хафс Умар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) былай деді: «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай айтқанын естідім: «Расында, амалдар ниетке байланысты және әрбір адам өзінің ниеттегенін ғана алады» (Бухари, Муслим). Құрбан айтта барша жұрт мал сойып, қан шығарады. Алланың разылығын тілеп, дұға етеді. Сосын ол малмен не істейді? Көпшіліктің көкейіне оралатын бірнеше сауалға жауап іздемес бұрын, бұл мерекенің тарихына үңілсек.
Құрбандық шалу Ибрахимнен (а.с.) қалған сүннет ретінде айтылады. Бірақ, құрбандық шалу Ибрахим (а.с.) ұлын құрбандыққа шалатын оқиғадан бұрын болған. Бұл туралы Құран Кәрімде айтылып кетеді. «Маида» сүресінің 27-аятында: «(Мұхаммед ғ.с.) оларға Адам (ғ.с.)-ның екі ұлының әңгімесін шынайы түрде оқы: «Сол уақытта екеуі Аллаға жақындық үшін құрбан шалған еді...» деп Адам (а.с.)-ның ұлдары Абыл мен Қабылдың басынан өткен оқиғасы баяндалған. Яғни, адамзаттың пайда болуынан бастап Жаратушы Иеміз өзіне құлшылық етуді көрсеткен. Құрбан шалу ұрпаққа жылдан-жылға пайғамбарлар арқылы жетіп отырған. Мұхаммед (с.ғ.с.) жетіп, сүннет болып қалған, кеңінен таралған оқиға Ибрахим (а.с.)-ның басынан өткен жайғдай. Қазірде құрбан шалудың түпкі тамырын осы оқиғамен байланыстырады. Жебірейіл періште Ибрахим (а.с.) түсіне еніп, Алла Тағала ұлын құрбандыққа шалуды бұйырғанын жеткізеді. Ибрахим (а.с.) Исмаилды ертіп алып, Мина жеріне (қазірге Мекке) барады. Аллаға шын сенген ұлы әкесіне қарсылық танытпайды. Ибрахим (а.с.) ұлын жатқызып, мойнына пышақты жүргізгенде, Алланың кереметімен өткір жүзді пышақ өтпей қалады. Сол сәтте шын ықыласпен Аллаға бойұсынып, сынақтан сүрінбей өткен пайғамбарға Алладан аян келеді: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмаилдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!». Шын мәнінде бұл сынақ болатын. Осылайша құрбандық шалу жыл сайын қажылық сапар аяқталғанда жүргізілетін болған. Кейіннен Мұхаммедке (с.ғ.с.) «Кәусар» сүресі түсіп, Құрбан шалу нақты міндеттелген. Бүгінде барша мұсылман халқы бұл мерекені аса ыждаһаттылықпен күтіп, Аллаға құлшылық етеді.
Құрбандық шалу төмендегідей төрт шартқа ие жандарға уәжіп болады: Мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы. Нисап мөлшері - 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етілген.
Құрбан айттан бір күн алдын әрбір үйде дайындық жүргізілгені абзал. Үйдың іші-сыртын күл-қоқыстан тазартып, балаларды жуындырып, ғұсыл алып, дастархан дайындау керек. Яғни жеті шелпек және дәмді тағамдар пісірген дұрыс болмақ.
Құрбан айт басталған күні таң шапағын бергенше ғұсыл алып, таза киім киіп, әтір сеуіп, мешітке барып, айт намазын оқып, құрбандық шалынады. Құрбандық шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Еліміздегі барлық мешіттерде көп мүмкіндік жасалып отыр. Қойлар сатылып, тіпті малды мешіт алдында құрбандық иесінің қатысуымен сойып, жүнінен тазартып, бөліп те береді. Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «...Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисін ескерген жөн. Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны жақсы. Дегенмен, өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал. Сойылған мал үшке бөлінеді: біріншісі жетім-жесірге таратылады, екінші бөлігі туыс-туғанға, үшінші бөлігі өз отбасына қалдырады. Мүмкіндік болса барлық етті жетім-жесірге, кембағалдар мен аз қамтылған отбасыларға беруге болады. Отбасы мүшелері көп болса, етті өз отбасына қалдыруына да болады. Осы ретте құрбандыққа шалынатын малдар және олардың ерекшеліктерін айта кетейік. Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:
Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал, түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
Құрбан айт – діни мереке. Бұл күндері барша адам көтеріңкі көңіл-күймен жадыраңқы жүру қажет. Ағайын-туыс, жекжаттарды құттықтап, мүмкіндік болса үйлеріне барып, дастарханнан дәм тату да артық етпейді. Ренжіскен адамдардың бір-бірімен татуласқаны абзал. Көрші-қолаңды құттықтап, мұсылмандық парызымызды орындауымыз қажет. Көршімен тату болу жақсы амалдардың бірі. Өзге дін өкілдеріне құрбан айт мерекесін ұлықтап, кішкентайларға таттілер таратып, кең көлемде өткізу керек-ақ. Бұл үрдісті әдетке айналдырып, балаларымыздың құлағына құя беру қажет. Кішкентай ботақандарға сыйлық беріп, көңілін аулап, Құрбан айт мерекесінің ұлықтығын дәріптеу болашақ ұрпағымыздың иманды болып өсуіне септігімізді тигізгеніміз емес пе?!
Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы
«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы, Шет ауданы
Пікірлер