Балқаш қаласындағы №1 интернат пен №3 интернатқа Балқаш қаласының мешіті көмек қолын созды. «Мектепке жол» акциясы негізінде интернаттың 1-4 және 7-9 сынып аралығындағы 50 балаға жаңа оқу жылына қажетті тауарлар үлестірілді. Қыз балаларға белдемше, көйлектер, ұл балаларға шалбармен жейделер беріліп, барлық балақайлар сабаққа керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бас имам Түсіпбеков Асылхан қажы: «Акция шеңберінде атқарылып отырған бүгінгі шараның мақсаты – барша балақайға қуаныш сыйлау. Дүние қолдың кірі, көңілдің кілтін таба білу қажет» дейді. Мектепке қажетті оқу құралдары үлестіріліп болған соң Асылхан қажы Рахымжанұлы ата-ана мен балаға қамқор болу, білім алуына септігімізді тигізу басты міндетіміз деп, асыл дініміздегі тәрбие мен ілім алу жайлы уағыз-насихат айтты. Балаларға еліміздің қалаулы азаматы болу үшін, әрбір уақытты тиімді пайдаланып, ақылды да инабатты адам болып шығуларын тіледі. Осы шараға әрдайым себепші болып жүрген аға- бауырларымызға, әпке- қарындастарымызға кәсіптеріне береке, отбасыларына тыныштық, ынтымақ, ұжым бірлік нәсіп еткей. Жаратушы иеміз Аллаһ тағала баршамыздың ісімізге жар болсын.
Бүгінгі атқарылған игілікті шара балақайлардың оқу жылында озат болып, зор білім алып шығуына үлкен септігін тигезеді деп үміттенеміз. Интернат басшылығы мешіт ұжымына орасан зор алғысын білдірді.
Балқаш қаласы мешітінің баспасөз хатшысы
Пікірлер