Қарағанды қалалық №1-мешітінің бас имамы Орманбет қажы Болатұлы қасиетті жұма намазының уағызында жиылған жамағатты мемлекетіміздің ресми мерекесі «Ата заң» күнімен құттықтай отырып, басшыға бағыну мен адамзат игілігіне құрылған конституциямыздың құндылықтарын асыл дінімізбен сабақтасатын тұстарын байланыстырып насихаттады. Адамзат баласының қоғам өмірінде басты құндылық екендігін және қасиетті Құрандағы аяттарда білдірілген адам баласын Алланың ардақтап жаратқан пендесі екендігін кеңінен айтып өтті. Жұма намазынан соң ел мен жұртқа сабырлық пен бейбітшілік тілеп бата жасалды. Сонымен қатар, мешітімізде дәстүрге айналған ай сайын ҚМДБ-ның сайттарынан жинақталып, бүктеме ретінде басылып шығарылатын кітапшаларды ақсақалдар мен жамағаттарға тарту етті. Мешіт молдаларына халықтың ортасында діни басқарма ұсынған уағыздар төңірегінде осы бүктемеден қосымша ақпар ретінде қолдануды тапсырды. Облыстағы қажылар қауымдастығының төрағасы Қанат қажы Жылқыбаев: «Айналайын имамдар! Сіздердің осындай заман талабына сай халыққа қызмет көрсетіп, рухани сауатын ашуға ықпал жасап жатқандарыңызға Алла разы болсын. Біз осы мешіттің жамағаты мен ақсақалдары сіздерді мақтан тұтамыз. Дін жолындағы еңбектеріңізге жеміс тілейміз» -деп, имамдардың жалпы жұмысына оң баға беріп, өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.
Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер