Шет ауданы Жұмыскер ауылындағы мәдениет үйінде «Дін және дәстүр» атты семинар өтті. Семинарға арнайы «Шет ауданы ішкі саясат бөлімі» ММ бастығы Смағұлов Елдос және аудандық прокуратура қызметкері Рымбаев Төлеубек шақырылды. Сондай-ақ, ауыл, кент молдалары мен ақсақалдары, жоғары лауазымды қайраткерлер мен ауыл әкімі, мектеп мұғалімдері мен ауыл жастары қатысты. Семинарға ұйытқы болған Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұстазы, теолог Тағаев Нұрбол «Дін мен дәстүрдің сабақтастығы» тақырыбында уағыз-насихат айтты. Ата-бабамыздан келе жатқан дініміз дұрыс жолды көрсетеді. Исламнан алыстататын пікірлерге бой алдырмай, салт-дәстүрімізді сақтап қалу бүгіннің міндеті. Ежелден қалыптасқан мұсылманшылдық дәстүрімізді, мазһабымыз бен мектебімізді қайта жаңғырту керек. Жамағатқа осы ойды жеткізуді көздеген «Шет ауданы ішкі саясат бөлімі» ММ бастығы Смағұлов Елдос «Абу Ханифа және Матруди ақидасы» деген тақырыпта баяндама оқыды. Соңғы уақытта жастардың санасын улау мақсатында айтылып жүрген теріс пікірлерге бауырларымыз сеніп қалмасын деген мақсатта ұйымдастырылып отырған бүгінгі семинар көптің сұранысын қанағаттандырды.
«Жанқұтты би» мешітінің баспасөз қызметі
Шет ауданы
Пікірлер