«Кімде-кім Алла тағала қасиетті қылған діни рәсімдер мен нышандарды құрмет тұтып, ұлықтаса, бұл-жүректердегі тақуалықтың белгісі» (Хаж сүресі, 32-аят)
Дініміз исламның бес тірегінің бірі – қажылық парызын өтеушілер қатары жыл сайын артып келеді. Ертеде ата-бабаларымыз аңсаған ұлық сапарды еркін атқарып, Алла алдындағы борышын байыпты өтеу нығметі бүгінгі ұрпақтың еншісіне бұйырып тұр. Бұған сансыз шүкірліктер айтамыз. Дегенмен, қасиетті мекендегі қажылық сапарға ұшақпен тез ұшып барғанмен, сапар барысында терең құлшыныс пен салихалы сабырлықты сақтау үшін селкеусіз сенім қажеттігі де бар. Сонымен қатар, адам өміріндегі қайталанбас сәттердегі парыздың толыққанды өтелуі үшін өзіндік міндеттері де мойнымызда тұрады. Сондықтан «сыйы тек қана жәннат болатын қажылықтың қабыл болуы үшін» оған тыңғылықты даярлық та қажет.
Осы орайда бас имам Орманбет қажы Болатұлының басшылығымен Қарағанды қалалық №1-мешітіндегі онкүндік дәріс ұйымдастырылды. Екі дүние бақытына ие болудың нәсібі бұйыратын дайындық барысында наиб имам Ермахан Оралбай ақида, фиқһ, пайғамбарлар тарихы мен дұғаларды дұрыс оқу турасында дәрістер оқыды. Қазақстан қажылары қауымдастығының Қарағанды облысындағы төрағасы Қанат қажы Жылқыбайұлы ұлық сапардың үйден шыққанан бастап, қасиетті топыраққа табан тиген кездегі ұстанатын қағидаларды толық қамтып, жан-жақты қажетті мәліметтер берді. Қанат қажы қажылыққа ниет етушілерге ұлық сапардың ұқыпты орындалуы үшін шарттарды сызбалармен түсіндіріп, риясыз орындалатын рәсімдерде оқитын дұғаларды кітапша ретінде таратты. Осылайша онкүндік дәрістерді тәмамдаған мұсылман қауымы енді хақ жолындағы қажылық сапардың сәтті және қабыл болуын тілеп бата жасап тарқады. Бірақ, қажылыққа барамын деген ниеті бар кісілерге мешітімізде жыл бойына бағыт-бағдар беріліп, қажетті кеңестер беріліп тұратындығын да еске саламыз.
Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер