Отыз күн оразаның соңында есепсіз нығметке толы ораза айын қимастықпен шығарып салған мұсылман қауымы айт намазымен басталатын мейрамды қарсы алды. Бүгін Қарағанды қалалық №1-мешітінің жамағаттары да таң намазынан бастап, уәжіп болған айт намазын асыға күтті. Бас имам Орманбет қажы Болатұлы жұртшылықты айт мерекесімен құттықтап, осы күнгі әдептер мен мұсылманға қажетті қағидаларды қамтып, дін насихатын дін мен дәстүр сабақтастығымен толықтырды. Екі ракат айт намазы оқылып, пәниден өткендерге дұға бағышталды. Таң алакеуімнен келген жамағатқа мешіт асханасынан дәм берілді. Діни сауат ашу курсында тәлім алып жүрген жас шәкірттер игі дәстүрді жаңғыртып «жарапазан» айтып жамағатты бір серпілтті. Ақсақалдар ел мен жұртқа тыныштық, жалпақ жұртқа жақсылық тілеп ақ бата жасады. Айт намазының қабыл болуын тілеген мұсылман қауымы төс түйістіріп, ынтымақ пен бірліктің үлгісін жарастырып жатты.
Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер