Рамазан айы келгенде пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы қадыр түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады», – деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған. Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды. Тәңіріміздің кешірімі нәсіп болады. Қадыр түні жайлы мешіттің бас имамы Досбол Сейдалиев: «Құран қадыр түнінде түскен. Қасиетті бұл түнде Алланың әмірімен жер бетіндегі барлық істерді реттеу үшін Жәбірейіл және басқа да періштелер түседі. Періштелердің жер етіне түсуі, қадыр түнінің маңыздылығын білдіреді. Бұл түні жер бетіне түскен періштелердің саны майда тастардан да көп болады»,-деп айтқан уағызынан құлшылық жасау мен игі тілектер тілеуге шақырғандығын аңғарды көпшілік. Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды уақыт – қадыр түні. Ал ең қорқынышты түн адамның қабірде болатын түні. Қадір түнін құлшылықпен өткізу қабірдің жап-жарық болып нұрлануына жол ашады екен. Мың айдан да ұлық болған қадыр түнін дүйсенбі күні шаһарымыздың «Нұр» мешітінде жүрегінде иманы, ауызында Алласы бар мұсылман жамағаты жоғары деңгейде атап өтті.
Иә, дәл осы түні қалалық мәслихаттың депутаттары Айбек Тойбеков, Ерлан Керімқұлов және қала тұрғындары Бақытжан Жакупов пен Арлан Альжанов ораза тұтқан мүміндерге дастархан жайып, сауап алды. Олардың жомарттығы мен кең пейілділігіне ырза болған жамағат ақжарма тілектері мен алғыстарын жаудырды. Әсіресе, мешіттің бас имамы дастархан басында қасиетті Рамазан айы, қадыр түні және оразаның маңыздылығы жайында тұсініктер беріп, жиналған көпшілікті имандылыққа баулыды. Мешіт молдасы, 90 жасты алқымдаған ақсақал Бексұлтан Қаппасов ауызы берік жандарға ас-су беріп, мол сауапқа кенеліп отырған азаматтардың қайырымды істеріне, сонымен қатар, бір ай бойына тарауих намазына келушілерге автобусымен қызмет көрсетіп, жақсылық жасаған қала тұрғыны Ержан Сәрсембаевқа ақ батасын беріп, жұртшылыққа өнеге етті. Мешіт молдасы өз сөзінде кейбір қалталы азаматтардың көмекке мұқтаждарға титтей де қайырымдылық көрсетіп, демеушілік етпейтіндігін айтып, қынжылды.
Бір қызығы, қадір түнінде мешітке жиналған қала тұрғындарының қатарында ауызынан ана сүті кетпеген балалардың көп болғаны қуантты. Олар үлкендермен бірге тарауих намазында сәждеге маңдай тигізіп, Жаратқан Иемізге құлшылық етті. Ғибадатханаға сыймағандар тыста тұрып, намазға жығылды. Ел болашағы болатын жастар мешіт имамының имандылыққа, адамгершілікке шақырған уағыздарын тыңдап, рухани сабақ алды. Ақшамнан таңға дейін Алла тағаладан Отанымыздың, халқымыздың тыныштығын, бейбітшілігін, еліміздің гүлденуі мен дамуын тілеген жұртшылықтың санында шек болмады. Қадыр түнінің құрметіне мешіт жамағатының ұйымдастырған викториналық ойындарына белсене қатысқан мұсылман мүміндер Пайғамбарымыз Мұхаммедтың (с.а.с.) өнегелі өміріне, Рамазан айына, сондай-ақ, құран кәрімге, оразаға байланысты сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтарға ие болды. Сұрақтарға тұщымды жауап беріп, өз білімін танытқан Жасұлан Мұхитов, Нұрдәулет Жукенов және Нұрлан Қуаныш, тағы басқалары үлкендердің алғысына бөленді. Осы түні Алланың үйі саналған мұсылмандар мешітінде қараған сырт көздерге бейне бір той-думан болып жатқандай әсер қалдырды.
Айта кететін жайт, сәрсенбінің сәтті күнінде қала әкімі Сержан Аймақов ораза тұтқан мұсылман мүміндерге ауызашар беріп, сауапқа кенелді. Шаһарымызға жаңадан тағайындалған қала басшысына деген игі тілектерін паш еткен жамағат ризашылық сезімдерін жеткізіп, қаламыздың өркендеуі мен еліміздің тыныш өмірі үшін қол жайып, дұға жасады.
Аманкелді Тұржанов
Пікірлер