Маусымның аптап ыстығы мен шіліңгір шілдеге тұспа-тұс келген Рамазан айы да лезде өте шықты. Қасиеті мол айды қимай қоштасқан күллі мұсылман әлемі Ораза Айтты да зор салтанатпен қарсы алды. Бұл ретте мұсылмандар арасында реніштер тарқалып, жақсылықтар еселеніп жасалатын күн. Көпшілігі Ораза Айтта үлкенді-кішілі бауырлар Алладан ақ тілек пен дұғалар жасайтын күн. Осы дәстүрдің негізінде Шахтинск қаласы да көпшіліктен қалыс қалмай, Ораза Айт мейрамын атап өтті. Таңғы сағат 06:00-де оқылған Айт намазының жалғасы мешіт ауласындағы асыл дініміз бен салт-дәстүріміз жаңғырған мерекелі тойға ұласты. Мешіттің бас имамы Досбол Сейдалиев мешітке жиналған көпшілікті Айт мерекесімен құттықтап, мешіт ұжымы ұйымдастырған Айттың мерекелік шарасының өту бағдарламасын кеңінен таныстырып өтті. Мешіт алаңында киіз үй тігіліп, көпшілікке арнап дәм берілді. Артынша ұлттық ойындар ойнатылып, қол күрес, арқан тарту, гір тасын көтеру сынды жарыстары дүркіреп өтті. Дүбірлі доданың кіл мықтыларына мешіт атынан сый-сияпаттар құрметпен табыс етілді. Ораза Айтқа арналған бағдарлама соңынан бас имам тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсетті. Мешіттен көмек алған жандар мешіт имамына алғысын білдіріп, Алла разы болсын деген ыстық ықыластарын жеткізді.
Шахтинск қалалық мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер