Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (c.ғ.с.) рамазан туралы өз хадис-шәрифтерiнде: «Рамазан – мүбәрак ай. Ол айда Алла Тағала сендерге ораза ұстауды парыз етiп, жәннат есiктерiн айқара ашып, тозақ есiктерiн тарс жауып, жын-шайтандарды кiсендеп қойды. Ол айда мың айдан қайырлы түн бар» (Имам Насаи), - делінген. Рамазан айы – рухани тазару, нәпсіні тәрбиелеп, кемелдік кілтіне қол жеткізу айы. Рухани кемелдену айында адам рухани жағынан даму үшін ораза ұстауы тиіс деп санаған Шет ауданы «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы Б.Алпысбайұлы аудандық аурухана мекемесінің қызметкерлерімен кездесті. Жиында рамазан айының қадыр-қасиеті, жат ағымдардың белгілері, бала тәрбиесі туралы уағыз айтылды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Жанқұтты би» мешітінде күндізгі лагерь өтіп жатқанын да ескертіп өтті. Ораза ұстаған жандарға мешіт асханасынан ауыз ашар берілетінін айта келе, «Кімде-кім бұл айда ораза ұстаған бір адамға ауыз аштырса, бұл амалы күнәларының кешірілуіне себеп болып, ораза ұстаушының сауабындай сауапқа ие болады», - деген хадисті насихаттады. Ақ халатты абзал жандар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, бас имамнан толыққанды жауап алды. Медицина қызметкерлері осындай рухани кештер жиі өтсе деген ниеттерін білдірді.
Сондай-ақ, медицина қызметкерлерімен кездесу Шет ауданы Ақадыр кентінде жалғасын тапты. «Иса молла» мешітінің молдасы Кешубаев Азамат орталық ауруханада «Ораза айының қадір-қасиеті» деген тақырыпта кездесу өткізді. Имам исламдағы ананың рөлі, қыз балалардың ораза ұстауы, құрсақтағы немесе емізулі баласы бар ананың ауыз бекіткендегі ұстанатын басты қағидаттары туралы кеңестер айтты. Ораза ұстаған қыз-келіншектердің, соның ішінде медицина саласында қызмет ететін, құрамында спирті бар дәрілерді қолданғанда қандай сақтану шараларын ұстану керектігіне де баса назар аударылды. Жиынға қатысқандар сауабы мол жұмыс істеп жүрген ақ халатты абзал жандарға Алланың нұры жаусын деген тілекпен тарқасты.
«Жанқұтты би» мешітінің баспасөз қызметі
Шет ауданы
Пікірлер