Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) «Алла тағала Қадыр түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы нығметке бұйырмаған», - деп шаттыққа бөлеген Қадыр түнін Шет өңірі де қуана қарсы алды. «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы Берік қажы Алпысбайұлы ауыз бекіткен жамағатқа мешіт асханасынан ауызашар ұйымдастырды. Ауыл азаматтары Мұсаханов Рахметтола мен Байтанасов Ануардың демеушілігімен арнайы екі қой сойылып, 120 адам берекелі дастарханның қонағы болды. Әдеттегідей биылғы жылы да мешіт іші жамағатқа лық толды. Таруих намазы оқылып болған соң, бас имам Қадыр түнінің қасиеті мен сауабы туралы уағыз айтты. Жасы бар кәрісі бар, ер азаматтармен қоса ере келген әйелдер қауымы барлығы да уағызды ұйып тыңдады. Соңынан наиб имам Әкімтай Ансармен бірге Қадыр түнінің 12 ракағат намазы оқылды. Повладар қаласындағы Әбу Бакыр Сыддық медресесін бітіріп келген ауыл азаматы Рысбай Асыл жамағатқа уағыз айтты.
Қадір түнінде Алла тағала құрметті періштелеріне "Лаухүл Махфузда" жазылған, келесі Қадыр түніне дейін болатын істерден хабардар етеді. Мысалға айтсақ: пенделердің бұл дүниеге келетіндері мен дүниеден өтетіндері. Алла тағала кімді ауру-сырқау, кедейлік, не бір қасіретпен сынап, кімді байлық, денсаулық нығметтеріне бөлейтіні. Одан да басқа көптеген істерді Өзінің ең жақын періштелеріне білдіреді. Осы бір құпия мағынаны "Духан" сүресінің төртінші аятындағы Алла тағаланың: "Сол түнде хикметті істің барлығы ("Лаухүл Махфуздан" Кәтәбә періштелеріне) бөлінеді" - деген сөзінен түсінеміз. Сол себепті, келесі рамазанға дейін аман-саулықта болуымызды тілеп, осы түнде сұралған дұғаларымыз қабыл болсын деп, бас имам Б.Алпысбайұлы бата берді.
Сондай-ақ, Берік қажы Рамазан айы бойына мешітте ауыз бекіткен жамағатқа ауызашар берген азаматтарға үлкен алғысын білдірді. Атап айтсақ: аудандағы кәсіпкер азамат «Шет энерго» ЖШС-нің директоры Әміров Құрманғазыға, кәсіпкер Мұсаханов Рахметоллаға, кәсіпкер Смайылов Жомартқа, кәсіпкер Бікішев Көмекке, кәсіпкер әйел Хамзина Дәметкенге және т.б. азаматтарға Алланын рақметі жаусын деп тілек білдірді.
Шет ауданы, «Жанқұтты би» мешітінің баспасөз хатшысы
Пікірлер