Хадис шәрифтерде былай делінген: «Сіздердің ең жақсыларыңыз Құранды үйреніп, басқаға үйреткендеріңіз.» (Бұхари, Фазайлул-Құран 21)
Ислам діні әу бастан баланың тәрбиесіне өте қатты көңіл бөлген, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бала жеті жасқа келгенде оған намаз оқуды үйретіңдер, он жасқа келгенде намазды оқымаса, оларға разы емес екендеріңді білдіріңдер», - деп айтқан. Осыған орай ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының тапсырмасымен балалардың жазғы демалысын зая кетірмеу мақсатында өңірдегі мешіттерде жазғы діни сауат ашу курстары өз деңгейінде жұмыстар атқарды. Мешітке арнайы иманнан нәр алуға келген шәкірттерге «Бала қажы» мешіті жанындағы сауат ашу лагері діннің бастамасы Құран әліппесі, иман негіздері, әдеп, ислам ғылымхалы сынды сабақтардан дәріс беріп, ата-ананы сыйлау жайында уағыз-насихаттар жүргізіп, исламнан сусындатты. Сондай-ақ жас бүлдіршіндердің көңілдерін көтеру мақсатында жан-жақты іс-шаралар ұйымдастырылды.
Маусым айының 15-ші жұлдызы лагер өз жұмысын тәмамдады. Шәкірттерден арнайы емтихан алынып, мақтау қағаздары табысталып, сертификаттар берілді. Аталмыш шараға Бас имам Нуров Махмұд қажы Нұрұлы қатысып, шәкірттерге ізгі тілегін білдіріп, сөз соңында, білім алам деуші шәкірттерді білім алуды тоқтатпай әрі карай жалғастыруға шақырды.
Пікірлер