«Асыра сілтеу болмасын, аша таяқ қалмасын» деп қазақтарды жаппай аштыққа ұрындырып, қырып – жоюды көздеген сол дәуірдегі кеңестік жүйенің ұраны тарих бетінен ешқашан жоғалмасы анық. Сонау 1931 жылдан бастау алған саяси қуғын – сүргін 1956 жылға дейін созылған. Осы жылдар аралығында «Даладағы тамұқ» деген атқа ие болған Карлагта 1,5 миллионға жуық азамат жазықсыз қамалып, азапталғандығы тарихтан мәлім. Соның 87 пайызы қазақтар, яғни интелегенттер, оқымыстылар, ақын – жазушылар болған екен. Сонымен қатар мұнда басқа да ұлт өкілдері азапталып, сталиндік қуғын – сүргіннің азабын тартқан. Бұл нәубетті жылдардың жарасы әлі күнге дейін көптеген ұлттардың жүрегінде сақтаулы.
Өткен жексенбі 31 мамыр – Саяси қуғын - сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Долинка кентінде қаралы митинг атап өтілді. Мұражай алаңында өткен азалы жиынға облысымыздың аймағынан көптеген кісілер жиналды. Соның бірі 1954 жылдың 26 маусымында туған елі Украинадан жазықсыз қуғын – сүргінге ұшырап, Карлагқа жер аударылған Иван Карпинский еді. Оның айтуынша, өзі оқыған оқу орнында ұстаздарымен қоса жазықсыздан «халық жауы» деп кінә тағылып, тұтқындалыпты. Көз алдында мыңдаған адам көз жұмыпты. Қара жүректі НКВД – нің жендеттері зиялыларды, әйелдерді соққыға жығып, тіпті танктермен езгілепті. Мұндай сұмдық оқиғаны басынан өткізген ол көзіне жас алып баяндап берді. «Бұл лағнет атқан жылдарды мына жастарымыз көрмесін. Ешқашан қайта оралмасын», - деп өксік толы үнімен әзер тілге алды.
Қаралы митингке жиналғандарға қала әкімі Александр Аглиулин: «Біз саяси қуғын – сүргінге ұшыраған зиялыларды ешқашан естен шығармай, дәріптей береміз. Бүгінгі ұрпақ олардың жазықсыз екенін білуі тиіс. Иә, сол аяулы азаматтарды есімізге алғанда баршамыздың жанымызға бататыны ақиқат. Аймағымыздаға саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу мұражайы сол қанды жалдардағы зұлымдықтар мен озбырлықтардың куәсі», - деп жүректерді елжіретіп, атақты ақын Олжас Сүлейменовтың тарих жайлы толғаған сөздер тізбегінен мысалдар келтірді.
Халыққа қол ұшын беріп аштықтан аман алып қалуға салмақты үлес қосқан, 1931 жылдары Шет ауданында исполком болып, денсаулық сақтау салаларын, теміржолды өркендеткен, тағы басқа да елеулі еңбектер атқарған, сол қызметтері үшін халыққа жау саналып, саяси қуғын – сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен Кәрібоз Шектібаевтың немересі сөз алып, өзінің атасының елге жасаған жақсылықтарын әңгімеледі. Жазықсыз құрбан болғандардың жарқын бейнесі жадымыздан мәңгі өшпейтіндігін тілге тиек ете кетті.
Сонымен қатар провословиялық және католиктік шіркеулерінің діни өкілдері Дмитрий Патрикеев пен Николай Мамаев сөз алып, саяси қуғын - сүргін құрбандарын ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың адамгершілік парыздарының бірі екенін атап өтті. Сондай –ақ, қаралы жылдар жайлы пікірлерін паш етті. Ал мұсылмандар мешітінің азаншысы Нұрғали Байкешов бұл тарихымыздағы ең азапты жылдар екенін тілге алып, мұндай сұмдықты Алла тағала ешқашан қайта болдырмасын деп дұға жасап, құрбан болғандардың рухына бағыштап құран оқыды.
Митингтен соң қала басшысы, қалалық мәслихаттың хатшысы қала әкімінің орынбасарлары, кент әкімдері, мекеме басшылары, әсіресе, жастар саяси қуғын – сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Аманкелді Тұржанов
Пікірлер