ҚМДБ-ның төрағасы Ержан қажы Малғажұлы хазреттің тапсырмасымен Қарағанды облыстық орталық мешітінде жақсылыққа бастайтын игі шаралар атқарылып келеді. Оның ішінде қайырымыдылық жұмысы да назардан тыс қалған емес. Осы ретте ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының бастамасымен мешіт ұжымы қаламыздағы «Құлыншақ» балалар үйіне барып, бүлдіршіндермен жүздесті.
Еліміздегі кез-келген баланың болашағынан зор үміт күтеміз. Сол үшінде ойыншықтың сан түрлісін алып, барынша қуанышқа бөлесек те жарасады. Осындай жақсы амалдың реті келіп, балғындарымызға мешіт атынан сый-сияпаттар тарту етіліп, шат-шадыман күйде қабыл алды.
Қарағанды өңірі бойынша Жалпы және жастар ісінің жетекшісі Мадияр Уакасов балалар үйінің тәрбиешілерінен бүлдіршіндердің жағдайын сұрап, сұқбаттасты. Мешіт атынан әрбір баланың көңілін тауып, тәлімді тәрбие беруге барын салған тәрбиешілердің қызметтеріне береке-бірлік тіледі.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Пікірлер