Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

ҚМДБ: Этилдік спирті бар дәріні қолдану туралы пәтуа берілді
25 мамыр, 2015 жыл 123 Басып шығару нұсқасы

_MG_0007Бүгін Ақмола облысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің VIII отырысында құрамында этилдік спирті бар дәрі-дәрмектерді қолдануға қатысты пәтуа шығарылды.


«Кез келген  нәжіс харам болғанымен, харам нәрсенің бәрі нәжіс емес. Сондықтан спирт адамды мас қылу тұрғысынан харам болғанымен, нәжіс саналмайды. Құранда үкімі харам ретінде бекітілген «хамр» сөзі жүзімнен жасалған шарапқа қатысты қолданылады», – делінген пәтуада.


Имам Ағзам мәзһабында шарап харам әрі нәжіс. Сондықтан ол тиген жерлерін нәжіс қылады. Бірақ спирт тиген жерлерін нәжіс етпейді. Сондай-ақ құрамында спирті бар иіс сулар мен спирт араласқан сұйық заттар денеге, киімге тисе, оны нәжіс қылмайды. Жуу да міндетті емес. Өйткені, тез ұшып, кеуіп кетеді.


ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі шығарған пәтуа мәтінінде: «Ішке қолдануға келер болсақ, қазіргі таңда дәрі құрамындағы кейбір заттарды еріту, дәрінің құрамы өзгеріске ұшырамауы және ұзақ мерзімге сақталуы үшін дәрі-дәрмекке белгілі мөлшерде этилдік спирт қосылады. Ондағы негізгі мақсат – науқасты мас қылу емес», – делінген.


Ғалымдар: «Шариғи үкімі нәжіс, харам нәрселер басқа нәрсеге араласып, болмысы мен сипатын жоғалтса, яғни иісі, реңі, дәмі де қалмаса таза болады», – деген. Әйгілі имам, мулла Нуруддин Әли ибн Сұлтан,  имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың «ән-Нуқая» атты еңбегіне жазған «Фатху-бәбил-Ғиная» атты шархында былай дейді: «Нәжістің күлі, яғни құрамы өзгерген нәжістердің үкімі – таза... Мәселен, шариғатта ұрықтың (сперманың) үкімі – нәжіс. Уақыт өте келе жатырға түскен ұрық ұйыған қанға айналады. Оның үкімі де нәжіс. Кейін әлгі ұйыған қан бір шайнам етке айналады. Оған таза деген үкім беріледі. Сонымен қатар шариғатта жүзім сусынының үкімі – таза. Егер ашытылып шарапқа айналса, үкімі нәжіс болады. Ол тағы да бір өзгеріске ұшырап, сірке суына айналса, үкімі таза болады. Осылайша біз қандай-да бір заттың негізінің басқа бір затқа айналуы арқылы бастапқы болмысы мен сипатын жоғалтатынын білеміз. Өйткені оның табиғаты мен сипаты өзгеріске ұшырады» (Фәтху-Бәбил-Ғиная, 1 том, 267-бет).


Қорыта келгенде, адамды мас ететін спиртті ішуге тыйым салынады. Яғни, ішімдік ретінде қолдану – харам. Алайда дәрінің құрамына химиялық қоспалардың араласуы арқылы спирт өзінің болмысы мен сипатын жоғалтса таза болып есептеледі.


Сонымен этилдік спирті бар дәрі-дәрмектерді қолдануға қатысты ҚМДБ шығарған шариғи Үкім төмендігідей:


1. Спиртті ішімдік ретінде қолдануға шариғи тұрғыдан тыйым салынады. Алайда нәжіс емес.


2. Құрамында спирт болған дәріні дененің сыртқы бөлігіне қолдануға болады.


3. Егер спирт қандай-да бір дәрінің құрамында болып, болмысы мен сипатын жоғалтса, дәріні ішуге болады.


4. Ал егер сала мамандары спирт қандай да бір дәрінің құрамында болып, болмысы мен сипатын жоғалтпаған деп тұжырымдаса, төмендегі шарттарды ескере отырып ішуге рұқсат:


а) аса зәру жағдайда құрамында спирті бар дәрінің орнын басатын балама таза дәрі табылмаса;


ә) құрамында спирт қосындысы бар дәрі науқастың оңалуына септігін тигізсе;


б) жоғары білікті әрі сенімді дәрігердің нұсқауымен пайдалануға болады.


Айта кетсек, Діни басқарманың Ғұламалар Кеңесіне наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, Маңғыстау облысының бас имамы Смайыл Сейітбеков, Имамдардың білімін жетілдіру институтының директоры Кенжеәлі Мырзабаев, теолог-ғалымдар, ғылым докторлары – Шәмшидин Керім, Мұхитдин Исаұлы, Алау Әділбай, Мұқан Исахан, белгілі дінтанушылар – Әбсаттар Сманов, Ерсін Әміре, Бауыржан Әлиұлы қатысуда.


ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары