Елімізде 1997 жылдан бастап «31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып ресми бекітілген болатын. Сол сұрапыл заманда 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Ақиық ақын Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын» атты өлеңінде:
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген – деп жырлағандай, қазақтың басынан өтпеген зұлмат кемде-кем. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен зар заманның бейнесі алыстап, бүгінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманда тіршілік етіп жатқанымызға тәуба дейміз. Дегенмен, мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттері ұрпақ жадында сақтала бермек.
Осы орайда, Қарағанды №1-мешітінің ұжымы мен ақсақалдар қауымы Долинка кентіндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» мұражайында болып, өткен тарихымыздың сұрапыл кезеңдерімен танысты. Мұражай алдындағы ескерткіш тақта қасында боздақтарға арнап дұға бағышталды. Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы деп ұққан №1-мешіт ұжымы ел ертеңіне бейбітшілік пен тектілік тілеп тарқасты. Лайым да еліміз аман, жұртымыз тыныш, дініміздің діңгегі берік болсын!
Қарағанды №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер